Қазақстанда толық емес отбасылар саны артып келеді. Мамандардың айтуынша, бала тәрбиесінде әкенің белсенді қатысуы ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Осы өзекті мәселені талқылау үшін бүгін қалада "Жауапты әке - саналы ұрпақ" атты форум өтті.
Әке - отбасының тірегі, ұрпаққа бағыт беретін тұлға. Алайда қазір бала тәрбиесіне әкенің қатысуын арттыру қажеттігі жиі айтылады. Осыған орай Елордада қоғам белсенділері, психологтар мен заңгерлер бас қосқан TEDx форматындағы форум өтті.
БЕКДАЙЫР КҮЗЕМБАЙ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ "ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл форумда негізгі мақсат әкелер жауапкершілігін арттыру, отбасы институтын нығайтуға, парасатты әкелердің үлесін күшейтіп, бала қауіпсіздігі, баланың бақытты ортада өмір сүруі және де аналарға құрмет тағы да сол көптеген мемлекеттік Президентіміздің жаңа ата заңда айтқанымыздай отбасы институтын нығайтуға байланысты осы форумды өткізіп жатырмыз.
Жиында отбасы мәдениеті мен ұлттық құндылықтар сөз болды. Спикерлер өз тәжірибесімен бөлісіп, бастамалар ұсынды. Сарапшылардың айтуынша, бала үшін әкенің рухани қолдауы материалдық қамқорлықтан кем емес.
НАЗГҮЛ МАҚЖАН, АСТАНА ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Баланың бойындағы 50 пайыз анадан болса, 50 пайыз әкеден. Ананың жолы бөлек, мейірімі, тәрбиесі, үйдегі айтқан өсиеті, бірақ әкенің жолы бөлек. Жалпы өмірде бала өз ұстанымына берік, қоғамға әлеуметтендіру мысалы етене араласамын десе, өз жолын табамын десе бұл жерде әкенің рөлі өте зор.
Форум аясында әке мен бала арасындағы рухани байланысты дәріптейтін "Әкелер әнұранының" тұсауы кесілді. Іс-шара соңында жас ұрпақ тәрбиесіне және қоғамдағы әкелік институтты дамытуға үлес қосып жүрген белсенді азаматтар марапатталды.