$487.73 €558.99 ₽6.63
×

Алматыдағы Тимирязев көшесін біржақты ету ұсынылды

AstanaTV
18.06.2026ж. 19:00
Алматыдағы Тимирязев көшесін біржақты ету ұсынылды

Алматыда Тимирязев көшесіндегі BRT желісінің болашағы қайта талқыланып жатыр. Қала билігі бұл бағытты толықтай бөлшектеу мүмкіндігін қарастыруда. Оның орнына көше қозғалысын өзгертіп, автобус жолақтарын шетке көшіру ұсынылып отыр. Алайда бұл шешім қоғамда екі түрлі пікір туғызды.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Тимирязев көшесіндегі BRT желісі осыдан 8 жыл бұрын іске қосылды. Содан бері қоғамдық көлік қолданатындар қатары едәуір көбейген. Бүгінде бұл жолмен күніне 120 мыңнан астам адам автобуспен қатынап жүр. Нәтижелі болған соң әкімдік қалада БРТ желісін көбейтуді жоспарлаған еді. Алайда биыл ойынан айнып, тіпті осы Тимирязев көшесін өзгертуіміз мүмкін деп отыр.

Дегенмен BRT-ның тиімділігіне күмәнмен қарайтындар да аз емес. Сондықтан қала билігінің бұл жүйені өзгерту туралы бастамасына қатысты пікірлер әртүрлі.

БЛИЦ:

- Автобуста адамдар көбінесе асығып жүреді, мына кісілер сияқты өздерінің жағдайлары жоқ машинамен жүретін. Содан кейін мынау тезірек жүргені ыңғайлы сияқты.

- Дұрыс, мына жолдың ортасында болмау керек. Остановочный карманчик деген кең болу керек. Опасно адамдардың өткеніне ары-бері.

Жол сарапшысының айтуынша,  БРТ жүйесін өзгертуге асықпау керек. Өйткені қоғамдық көліктің тиімділігін төмендету тұрғындарды жеке автокөлікке көбірек мінуге итермелеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде кептеліс пен ауа ластануын арттырады дейді.

ДИАС МАРАТҰЛЫ, УРБАНИСТ:

Маман ретінде қарайтын болсақ, бізге ең бастысы қаншалықты көлік емес, қаншалықты адам жүргені маңызды. Алайда егер біз қазір осы инфрақұрылымды өзгертетін болсақ, мұнда керісінше қазір жүріп жатқан көптеген адамдар кептеліссіз және жылдам, олар өз мүмкіндігінен айрылатын болады. Себебі, я қысқа уақытта, мысалы, автокөліктерге ыңғайлырақ болып қалса, жай көбірек адамдар, мысалы, жеке көліктерін таңдай бастайды. Және содан кейін кептеліс автокөліктер үшін де одан ары үлкейетін болады.

Ал әкімдік өкілдері болса, қазіргі инфрақұрылым толық жүктемеге төтеп бере алмай отырғанын айтады. Сол себепті қозғалыс схемасын қайта қарау қажеттілігі туындаған.

ЕРЖАН ДИХАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ МЕН ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кейбір жерлерде көшенің өткізу қабілеті едәуір төмендеп кеткендіктен, көлік ағыны Әл-Фараби даңғылына ауысты. Қазір әл-Фараби даңғылында қарбалас уақытта үлкен кептелістерді байқап отырмыз. Осы мәселені шешу және көшенің өткізу қабілетін қайта қалпына келтіру үшін Тимирязев көшесінде біржақты қозғалыс енгізу, сондай-ақ автобус жолақтарын көшенің ортасынан шеткі бөліктеріне көшіру қарастырылып жатыр.

Қазір Тимирязев көшесіндегі BRT-ның нақты тағдыры әлі шешілген жоқ. Мамандар болса, кез келген өзгеріс қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігіне тікелей әсер ететінін ескертеді.