$488.37 €559.77 ₽6.64
×

Алматы облысында тағы бір ауыл алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты

Алматы облысында тағы бір ауыл алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты
Ақорда

Қонаев қаласының полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және қоғам белсенділерімен бірлесіп қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруда.

Алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартқан кезекті елді мекен – Алматы облысындағы Ақөзек ауылы болды. Бұл шешім ауыл тұрғындарының, жергілікті қоғамдастық өкілдерінің және кәсіпкерлердің қолдауымен қабылданды. Тәжірибе көрсеткендей, алкоголь өнімдері сатылмайтын елді мекендерде құқық бұзушылықтар, тұрмыстық жанжалдар және спирттік ішімдіктерді тұтынуға байланысты өзге де келеңсіз оқиғалар айтарлықтай азаяды. Сонымен қатар отбасылық құндылықтар нығайып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі артады. Қазіргі таңда Алматы облысында алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан ауылдардың саны 24-ке жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да “Заң мен Тәртіп” қағидатын жүзеге асыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында жалғасатын болады. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай нәтижелерге тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымының арқасында қол жеткізіліп отыр. Олар өздерінің іс-әрекеті арқылы салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін көрсетуде.