Атырауда әлеуметтік желідегі контент үшін құқық бұзғандар жауапқа тартылды.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде көпшіліктің назарын аудару мақсатында түрлі бейнероликтер түсіру жиілеп келеді. Алайда мұндай әрекеттер кей жағдайда жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге әкеледі. 16 маусым күні сағат 11:30 шамасында Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде қозғалыста болған автокөліктің 37 жастағы жолаушысы көлік терезесінен денесінің бір бөлігін шығарып, жол жүрісі қағидаларын бұзған. Аталған құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізген тексеру нәтижесінде көлік жүргізушісі мен жолаушысы анықталып, екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция жолдағы қауіпсіздік әрбір азамат үшін басты құндылық болуы тиіс екенін еске салады. Әсерлі контент түсіру, жарнамалық акциялар өткізу немесе бейнероликтер дайындау кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажет. Қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысы тәртібін қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет.