$488.37 €559.77 ₽6.64
×

Olympic Day: Астанада триатлон және жүзуден жарыстар өтті

Olympic Day: Астанада триатлон және жүзуден жарыстар өтті
Фото: ҰОК

Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай триатлон және жүзуден жарыстар ұйымдастырылып, оған 300-ден астам адам қатысты.

Жарыс жолына әртүрлі жастағы әуесқой спортшылармен қатар, өз күштерін сынап көруге және Олимпиада қозғалысының бір бөлігі болуға мүмкіндік алған жас спортшылар да шықты.

Триатлоннан әуесқойлар арасындағы жарыс Азия кубогы кезеңі аясында өтті. Сайысқа түрлі жас санатындағы 54 қатысушы және үш эстафеталық команда қатысты. Турнир спорт сүйер қауымға ірі спорттық оқиғаның бір бөлігі болып, халықаралық жарыс атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.

Ал iSwim жүзу академиясы «Оазис» ашық бассейнінде балалар арасындағы жарыс ұйымдастырды. Академияның әртүрлі жастағы 250-ден астам тәрбиеленушісі 25 метр қашықтықты еркін стильде жүзіп өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шорт-тректен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, төрт Олимпиада ойындарының қатысушысы Денис Никиша марапаттады.

«Олимпиада қозғалысы – спорттағы алғашқы қадамын жасауға батылы жеткен әр адам туралы оқиға. Мұның қай жаста болғаны немесе қандай мақсат қойғаныңыз маңызды емес. Барлығының мүмкіндігі бірдей. Ешқандай шекара жоқ. Себебі ең үлкен жеңіс – өзіңді, мақсатыңа жету жолындағы қиындықтарды және қорқынышыңды жеңу. Ал кез келген жарыста стартқа шыққан сәтте сіз әлдеқашан жеңімпазсыз.

Баршаңызды осы спорт пен жігер мерекесімен құттықтаймын! Әрқайсыңыз алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер», – деді танымал спортшы.

Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда Халықаралық Олимпиада комитетінің 1894 жылы құрылған күніне орай атап өтіледі.