Абай облысы Жаңасемей ауданына қарасты Жаңа Жол ауылы тұрғындарының ортақ шешімімен маңызды әрі тағылымды бастама жүзеге асты. Ауыл халқы бірауыздан зиянды әдеттерден бас тартып, елді мекенге ресми түрде "Ішімдіксіз ауыл" мәртебесі берілді.
Бұл – жай ғана шешім емес, ауыл тұрғындарының бірлігі мен жауапкершілігін, келер ұрпақтың болашағына деген жанашырлығын көрсететін маңызды қадам. 17 шаңырақ пен 75 тұрғын ортақ ұстанымға келіп, салауатты өмір салтын таңдауды өздерінің басты құндылығына айналдырды. Аталған бастаманы жүзеге асыруға құқық қорғау органдары да қолдау көрсетті. Учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Серікхан Маратович Муслимов ауыл тұрғындарымен өткен кездесулердің бірінде бұл бастаманың маңыздылығына тоқталған болатын.
— Қоғам қауіпсіздігі тек заң талаптарымен ғана емес, әр азаматтың саналы таңдауы арқылы қалыптасады. Егер тұрғындар ортақ мақсатқа жұмылса, құқық бұзушылық та, зиянды әдеттер де азаяды. Жаңа Жол ауылының бұл бастамасы өзге елді мекендерге үлгі боларлық игі тәжірибе, — деді ол.
Новобаженово ауылдық округінің әкімі Дархан Мұратұлы Кәріпжанов та тұрғындардың шешіміне жоғары баға беріп, мұндай қадамдардың ауылдың әлеуметтік дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, салауатты өмір салтын насихаттау қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, тұрғындар арасындағы өзара сенім мен сыйластықты арттырады. Бүгінде Жаңа Жол ауылы ортақ құндылықтар мен өзара түсіністікке негізделген қоғамның жарқын үлгісіне айналып келеді. Мұнда салауатты өмір салты тек ұран емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Айта кету керек, бүгінде Абай облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 39-ға жетті. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының қоғамдық тәртіпті нығайтуға, жас ұрпақтың тәрбиесіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Жаңа Жол ауылының таңдауы – бірлік пен жауапкершіліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің нақты үлгісі.