$486.19 €554.26 ₽6.51
×

Бельгия Қазақстанға қаржы құйған 10 жетекші елдің қатарына кіреді

Бельгия Қазақстанға қаржы құйған 10 жетекші елдің қатарына кіреді

Қазақстан Президентінің  Бельгияға мемлекеттік сапары жалғасуда. Президенттің нөмірі бірінші борты кеше кешкісін Брюссель әуежайына қонған. Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктесі саналатын елмен жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату көзделіп отыр. Тараптар қандай келісімдерге келді? Толығырақ тілші баяндайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуіне орай Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді.  Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс бастаған ресми тұлғалар мемлекет басшысын  салтанатпен қарсы алды. Президент Бельгияға бара сала сонда білім алып, қызмет етіп жүрген азаматтармен кездесті. Шеттегі отандастарымызға Қазақ елі қашан да қолдау көрсететінін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. + Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек.

Бельгия Қазақстанға қаржы құйған 10 жетекші елдің қатарына кіреді. Соңғы 20 жылда брюсселдіктер бізге 15 млрд доллар тікелей инвестиция бағыттаған. Алыс-беріс тұрақты динамикамен өсіп келеді. Тек былтыр тауар айналымы 580 млн доллардан асты. Президент Бельгия Премьер-Министрі Барт де Вевермен кездесіп,  екі елдің ғылым мен білім саласындағы ықпалдастығын пысықтады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда Бельгия капиталының үлесі бар 110-нан астам компания жұмыс істейді. Бұл өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысымызды аңғартады. Танымал бельгиялық компаниялар біздің елдің нарығына көптеп келіп жатыр.

Премьер-Министр Барт де Вевер де екі елдің саяси байланысы  жоғары деңгейде екенін атап өтті. Тараптар бұдан әрі көлік-логистика, аса маңызды минералдар, мұнай, ауыл шаруашылығы, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және қаржы салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты. Айта кетейік, Бельгия Королі Филипп биыл Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келмек. Қасым-Жомарт Тоқаев Барт де Веверді де елімізге ресми сапармен келуге шақырды.