Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Әзірбайжан Халықаралық банкіне салынған БЖЗҚ қаражатының барлығы түгел қайтарылады

AstanaTV
15.02.2018ж. 20:00
2680
Әзірбайжан Халықаралық банкіне салынған БЖЗҚ қаражатының барлығы түгел қайтарылады

Әзірбайжан Халықаралық банкінің облигациясына салған зейнетақы қорының 250 млн доллары 100 пайыз қайтарылады. Бұл туралы сенат қабырғасында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Тіпті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына белгілі бір бөлігінен кіріс түскен. Бірақ министрдің айтуынша, пайыздық мөлшерлемесі бұрынғы келісімнен төмен.

Зейнетақы қорының ақшасы Әзірбайжан халықаралық банкіне инвестиция ретінде салынған еді. Банк қаржылық қиындықтарға ұшырап, қайта құрылымдаудан өтті. Қазақстан қаражатын қайтару ісіне Әзірбайжан үкіметі араласқан болатын. Ақыры банк облигациялары мемлекеттің құнды қағаздарына ауыстырылып, қаржы 15 жыл ішінде қайтарылатын болды. 

Ұлттық банк жүргізген келіссөздер негізінде облигацияларды алмастыруға мүмкіндік туды. Сәйкесінше, қайтару мерзімі 15 жылға дейін ұзартылды. Нәтижесінде негізгі қарыз бен оның пайызы елге жүз пайыз қайтарылады. Сонымен қатар жүргізілген жұмыс нәтижесінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры кіріс алып та үлгерді.

Сенат отырысында депутат Дулат Құсдәулетов криптовалютаны пайдалануды заңмен реттеу керек деді. Көзге көрініп, қолға ұсталмайтын электронды ақшаны елде пайдалануға бола ма, жоқ па? Сенатор бұл сауалды премьер-министр мен Ұлттық банк төрағасына жолдады.

Дулат Құсдәулетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Криптовалютаға өзге елдердің көзқарасы әртүрлі. Біреулер тіпті банк секторының жүйесіне енгізіп үлгерсе, енді бірі оны ақша ретінде мойындамай келеді. Біздің елде криптовалютаны реттеу базасы әзірге жоқ және ресми «ақша» деп мойындалмаған. Десе де, бізде де оған деген қызығушылық артып келеді. Ал елде мемлекет тарапынан реттеу механизмі болмағандықтан, заңды тұрғыда бақылау мүмкін емес. Ал мұның соңы әлеуметтік-құқықтық мәселелерге әкеп соғуы ғажап емес.