Енді тұрғындар ақша айырбастау бекеттерінен алтын құйма сатып алып, оны қайта өткізе алады. Жақында Ұлттық банк осындай ұсыныс білдіріп, бағдарлама әзірленіп жатқанын мәлімдеген болатын. Бүгін еліміздегі ақша айырбастау тіректерінің қауымдастығы да бұл бастаманы қолдады. Яғни валюта айырбастау орындары техникалық тұрғыда алтын құймаларын айырбас құралы ретінде саудалауға дайын. Олар тек заңдағы тиісті өзгерістерді күтіп отыр. Алтын сынамаларының 10, 20, 50 және 100 грамм тартатын түрлерін алдағы жазда валюта айырбастау орындарынан сатып алып немесе өткізуге болады. Бұл ақша айырбасымен айналысатын мекемелер үшін де қосымша пайда көзі болмақ.
Аршын Ғалымбаев, Қазақстан валюта айырбастау қауымдастығының президенті:
Егер бұл алып-сатумен айырбастау орындары айналысатын болса, онда қосылатын маржа көп болмайды. Бұл өз кезегінде тұтынушы үшін тиімді. Яғни оны сатып алып, қайта сату кезінде көп қаражат жоғалтпайсыз. Тағы бір артықшылығы - алтынның бағасы АҚШ долларының құнымен байланысты өсіп отырады. Егер теңгеде тұрақсыздық байқалса, жиған-тергеніңіз алтынмен сақталғандықтан, құнын жоғалта қоймайды.
Ал
екінші деңгейлі банктер дәл осындай алтын құймаларын былтыр маусым айынан
бастап саудалап жатыр. Алғаш болып Халық банкі, Евразиялық банк және Цеснабанк
бағдарламаны жүзеге асыра бастаған. Жақында Ұлттық Банк төрағасы алтын
құймаларына халықтың қызығушылығы жоғары екенін мәлімдеген болатын. Себебі
соңғы 8 айдың көрсеткішіне көз жүгіртсек, алтын 8 пайызға қымбаттаған. Былтыр
шілде айында оның бір граммы 12 600 теңгеге бағаланса, дәл бүгін оның құны
14 400 теңге тұрады.