Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылорданы газбен қамтамасыз етіп отырған бас жүйе істен шықты

AstanaTV
15.02.2018ж. 20:00
3385
Қызылорданы газбен қамтамасыз етіп отырған бас жүйе істен шықты

Қызылордадағы жылу электр орталығы шұғыл түрде газдан мазутқа көшірілді. Оған себеп қалаға газдың жетпей жатқаны. Нөмірі 2-ші автоматтандырылған газ реттегіш стансасында апат болып, сегіз мыңнан астам абонент көгілдір отыннан қағылды. Жедел шаралар қолға алынып, тұрғындарға қайта газ беріле бастаған. Алайда 1300 абонент әлі де газсыз, жылусыз отыр.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Мамандар бүгін екінші күн автоматтандырылған газ реттегіш станса жұмысын қалыпқа келтірумен әуре. Онда кеше кешкісін ақау пайда болған. Қазір бар салмақ бірінші стансаға түсті. Жергілікті билік барлық ірі тұтынушыларға пайдаланып отырған газ көлемін азайтуды өтінді. Ал, жылу орталығы уақытша мазутқа көшірілді.

Апат салдарынан бір мезетте сегіз мыңнан астам тұтынушы көгілдір отыннан қағылды. Бүгін олардың басым бөлігіне газ беріле бастады. Қазіргі таңда 1300 абонент әлі де газсыз, яғни жылусыз отыр

Бауыржан Сәтмағанбетов, «Қазтрансгаз  аймақ» АҚ ҚФ басшысының бірінші орынбасары:

Газ түгелдей қалаға жетпейді деген себебіміз де сол. Көптеген өндірістік, коммуналды, тұрмыстық секторларды жайлап газдан азайтуға жұмыстар жасалып жатыр. Соның арқасында біздің газ жүйесінде газдын қысымы қалыпқа келтірілді деп айтуға болады.

Қалған КБИ, Тасбөгет мөлтек аудандарына газ берілмеу себебі кеше түнде жүргізу өте қауіпті болды. Комиссия құрылды. Стык ажырап кеткені көрініп тұр.

Газдың бір стансадан екіншісіне көшірілуі қала тұрғындарына кері әсерін тигізіп үлгерді. Тайманов көшесіндегі екі бірдей көпқабатты үйде газ жарылғаны мәлім болды. Бірінде бойжеткен күйіп қалса, екінші пәтердің балконын құлаған. Бұл отбасыларға жауаптылар көмек көрсетіп жатыр

Екі саны мен шашы күйген. Құдай сақтап қалған. Просто мынау толчокпен итерген кезде қыз мынау столдын астына кіріп кеткен ғой.

Айзада Асанова, қала тұрғыны:

Алдын ала сообщение жіберетін еді ғой ондай болғанда. Айтылмаған ондай еш нәрсе. Көмек көрсетіліп жатыр, балконды істеп. Бір сутка газсыз отырмыз, пеш қосып қойдық, бірақ үй деген мұздай.

Газға жауапты мекеме мамандары, қауіпсіздік ережелерін сақтағанда бұл жағдайдың алдын алуға болар еді деп отыр. Тұрғындар арнайы сертификаты бар газ құрылғыларын пайдалануы қажет деді. 

Бауыржан Сәтмағанбетов, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ ҚФ басшысының бірінші орынбасары:

Сертификаты бар пеш болса, ол газ келмегенде автоматты түрде өшіп қалар еді. Ол пәтерлерде автоматика жұмыс істемеген болып тұр. Өйткені, газ тоқтап, сосын қайта берілген кезде, пеш автоматты түрде қосылмауы қажет.

Апаттың салдарын толығымен жоюға қанша уақыт кетері белгісіз. Онымен комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Дегенмен материал эфирге дайындалып жатқанда, газға жауапты компания, қала толығымен көгілдір отынға қосылды, деп хабарлады. 

Шарипа САҚТАПОВА