$485.4 €550.69 ₽6.41
×

250 кәсіпкер қалай 1000 ауыл баласына қамқорлық танытуда

250 кәсіпкер қалай 1000 ауыл баласына қамқорлық танытуда

 Қазақстандық 250-ден астам кәсіпкер IQanat жобасын қолдап, ауыл оқушыларының сапалы білім алып, жарқын болашаққа қадам басуына көмектесіп жатыр. Бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін еместей көрінетін.

«Көптеген ауыл балалары үшін бұрын теледидар мен жаңалықтардан ғана көріп келген мықты кәсіпкерлермен кездесу өміріндегі мұндай ең алғашқы тәжірибе болып отыр. Кейде бір әңгіме, бір жақсы сөз не кеңес баланың өзіне деген сенімін күшейтуіне себеп болады. Ал өз еңбегімен жетістікке жеткен адамның үлгісі оның мақсатына, тіпті арманы мен болашақта кім болғысы келетініне ықпалын тигізуі мүмкін. Сондықтан біздің балалар үшін қамқоршылар – нағыз role models», – дейді IQanat қорының атқарушы директоры Азамат Ашамаев. 

Жоба қамқоршыларының қатарында Дулат Тастекей, Қанат Көпбаев, Тимур Турлов, Серік Төлбасы, Нұрасыл Джарбасов, Айдын Рахимбаев, Марат Жұман, Ғазиз Құсайын, Асқар Алшынбаев, Ерлан Исекешев, Асхат Омаров, Бауыржан Исабаев,  Андрей Лаврентьев, Сергей және Жанна Кан, Оразхан Қарсыбеков, Айғазы Құсайынов сынды қазақстандық танымал кәсіпкерлер мен меценаттар бар. 

Қамқоршылардың жоба өміріне тікелей араласуы балалар үшін аса бағалы. Меценаттар ауылға ұдайы барып, балалармен кездесіп тұрады, оларды үлкен қалаларға әкеліп, өз кәсіпорындарына экскурсия жасатады, балалардың емтиханға дайындалуы үшін сарапшыларды тартады, өзге елдерге жарыстарға жібереді және «аламниктердің» тағылымдамадан өтуі мен алғашқы жұмысын табуына көмектеседі. 

«Қамқоршылардың бірінің ауылдағы оқушы қыздарды түлектер кешіне дайындап, көйлек, туфли, әперіп қана қоймай, өздерін Астанаға әкеліп, бір күнін ертегідей өткізуіне жағдай жасағаны бар. Сондай-ақ, меценаттардың ауылдан аудан орталығына бара жатып, қарлы боранда қалып қойған балалар мінген автобусты құтқаруға көмектескен кезі де болды. Егіздердің бір-бірінен көз жазып қалмауы үшін оларға грант берген қамқоршыларымыз да бар. Мұндай ғажап оқиғалар IQanat-та жиі болып тұрады», – дейді IQanat академиялық директоры Зухра Шегенова.

Қамқоршылардың қолдауының арқасында ауқымды IQanat Олимпиадасы да өткізіледі. Биылғы финал Алматыда өтіп, жыл бойғы іріктеу кезінде 60 мыңнан астам бала арасынан оза шапқан үздік мыңнан аса ауыл баласының басын қосты. Айта кетейік, финалдық рәсімнің бас демеушісі – Freedom Holding Corp. Тимур Турловтың өзі де – IQanat-тың облыстық қамқоршысы.

Финал қорытындысы бойынша 125 оқушы IQanat High School of Burabay мектебінде оқуға грант иеленді. Қалған финалистер үш жылдық IQ-IP бағдарламасы аясында оқуын жалғастырып, жоғары оқу орнына түсуге қолдауға ие болады. 

Жоба қамқоршыларының бірі, кәсіпкер және «Kusto Group PTE Ltd» директорлар кеңесінің мүшесі Талғат Турумбаев: 

 «IQanat финалына келетін әрбір бала біздің бала кезімізді еске салады. Біздің көбіміз де аса жайлы жағдайда өскен жоқпыз және уақытылы жасалған қолдаудың көп нәрсені өзгерте алатынын жақсы білеміз. Сондықтан, біз бұл балаларға қарағанда жай оқушыларды емес, болашақ мұғалімдерді, инженерлерді, ғалымдарды, кәсіпкерлерді және мұғалімдерді көреміз. Ал ең шабыт сыйлайтын нәрсе – әрине, нәтижелер: IQanat түлектерінің 94%-ы грантқа түсуде және біздің балалар әлемнің 19 елінде білім алып жатыр. Бұл жүйенің шын мәнінде жұмыс істейтінін және ауылдағы талантты балалардың өз әлеуетін ашуына көмектесетінін дәлелдейді».