Екі жылға жуық уақытқа созылған
дін қызметкерлерін аттестациялау шарасы аяқталды. Оған қатысқан 3032 имамның
233-і сынақтан сүрінді. 156 имам қызметтен босатылған. Бұл жөнінде Қазақстан
мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз айтты.
Бүгін соңғы болып Астанадағы
имамдар арнайы аттестациялаудан өтті. Дін қызметкерлерінің білімін сараптауға
бағытталған сынаққа елордадағы мешіттерде қызмет ететін 50-ге жуық имамдар мен
ұстаздар қауымы қатысты. Олар арнайы комиссияның сынынан өтіп, өз білімдері мен
біліктіліктерін көрсетті.
Дін қызметкерлерінің біліктілігін бағалайтын комиссия
құрамында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері болды. Осы
жолғы ауқымды сыннан сүрінбей өткендер алдағы он шақты жыл көлемінде мешіттерде
еңбек етеді. Ал аттестациялаудан өте алмағандар білімін толықтыруы тиіс.
Серікбай қажы Ораз наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:
Имамдар 5 жылдан артық бір
қызметте отырса, ротациялау бойынша қызметке қайта қабылдау немесе басқа жаққа
ауыстыру қаралған жарғымыз бойынша. «Аттестациядан сүріндіңіз, енді сізге
мешітте дін саласында орын жоқ» деген сөз емес бұл. Біз имамдарымыздың білім
деңгейін айқындадық.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА