$486.47 €554.77 ₽6.26
×

Лайк үшін заң бұзғандар жауапқа тартылды: Алматыда автобұзақыларға қарсы бақылау күшейтілді

Лайк үшін заң бұзғандар жауапқа тартылды: Алматыда автобұзақыларға қарсы бақылау күшейтілді
Polisia.kz

Алматы қаласында жол қозғалысы ережелерін қасақана әрі өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтау және оларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері агрессивті көлік жүргізу, белгіленген жылдамдықты асыру, қауіпті маневрлер жасау, дрифт ұйымдастыру және "шашка" тәсілімен қозғалу сияқты қоғамға қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударып отыр. Мұндай заңсыз әрекеттерді кейбір жүргізушілер өздері әлеуметтік желілерге жариялап, лайк пен қаралым жинауға тырысады.

- Лайк пен қаралым үшін жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзу енді жазасыз қалмайды. Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер қала көшелерін қауіпті ойын-сауық алаңы ретінде қабылдайды. Танымал болуды көздеген олар өздерінің заң бұзған сәттерін әлеуметтік желілерге жүктейді. Алайда дәл осы бейнематериалдар полицияға құқық бұзушыларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Соңғы бірнеше күннің өзінде әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде бес автобұзақы анықталды. Барлығы заң алдында жауапқа тартылып, сот шешімімен әкімшілік айыппұлмен қатар әкімшілік қамау жазасы тағайындалды, – деді Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Полиция интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізілетінін және қауіпті көлік жүргізу фактілерінің барлығы мұқият тексерілетінін атап өтті. Құқық бұзушылықтың қай жерде жарияланғанына қарамастан, әрбір дерекке міндетті түрде құқықтық баға беріледі.

- Алматы көшелері жарыс алаңы да, қауіпті контент түсіретін орын да емес. Заң талаптарын әдейі елемеудің кез келген көрінісі міндетті түрде құқықтық жауапкершілікке әкеледі. Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деп түйіндеді Тимур Ноғайбаев.