$485.82 €554.03 ₽6.24
×

Кинотуризм: Солтүстік Қазақстанда Ботай мәдениеті туралы шытырман оқиғалы фильм түсірілуде

Кинотуризм: Солтүстік Қазақстанда Ботай мәдениеті туралы шытырман оқиғалы фильм түсірілуде

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан бірегей «Ботай қонысы» археологиялық ескерткіші отандық киноиндустрия мен туризмді тоғыстырған алаңға айналды. Мұнда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Ботай. Ғайып ғалам» атты жаңа толықметражды фильмнің маңызды сахналары түсірілуде.

Ботай қонысы – адамзат тарихында жылқы алғаш рет қолға үйретілген әлемдік деңгейдегі ерекше нысан және еліміздің басты құндылықтарының бірі. Көне деректерді заманауи кино өнері арқылы сөйлететін бұл бастама өңірдің мәдени әлеуетін ашып, Солтүстік Қазақстан облысына, соның ішінде Айыртау ауданына саяхаттаушылар ағынын арттыруға, әсіресе тарихи-мәдени туризмді жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Шығармашылық топтың жұмысымен танысып, screen tourism (кинотуризм) бағытын дамыту мүмкіндіктерін талқылау үшін түсірілім алаңына «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов арнайы барды.

Мамандардың пікірінше, таспаға басылып жатқан бірегей локациялар болашақта эксклюзивті туристік маршруттардың негізіне айналмақ. Ал басты рөлдердегі Руслан Асылбек, Вячеслав Никифоров және Аида Құрманғалиева сынды танымал актерлердің қатысуы көрерменнің жобаға деген қызығушылығын арттыра түспек. «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің үлкен экрандарға шығуы 2027 жылдың мамыр айына жоспарланған.