Министрліктердің дәстүрлі кеңейтілген отырыстары өткен, біраз «қызық» дүние бар. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі зиянкес жәндіктермен күреске дайын емес. Препараттар сатып алынбаған. Министрдің орынбасары Гүлмира Исаеваның айтуынша, биыл шегіртке қаптау қаупі жоғары, Жамбыл, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында үйір-үйір шегірткенің 1,9 млн гектарға жайылатыны болжанып отыр. «Ал министрлікте шегірткені жоятын дәрі қоры жасақталмаған. Бар-жоғы 7-ақ процент. Бұл 100 мың гектарға ғана жетеді», - деді Исаева. Былтыр қарашада мемлекеттік сатып алулар сан рет бұзылып, препарат сатып алынбаған. Тиісті комитет төрағасы қызметінен шеттетілген, қызметтік тексеру жүріп жатқанын айтты. Бірақ қарашадан бері төртінші ай кетіп барады, мың жерден бюрократия дегенмен, препарат сатып алу сондай қиын ба? Министр Шөкеев «бірнәрселермен түсіндіреді, шынымды айтсам, ұқпадым. Ұйымдастыру уақытын жіберіп алғаны ғана анық, сондықтан былай тұрыңдар, біз басқа команда құрдық, басқа вертикаль түзіп жатырмыз, керекті препараттарды шұғыл сатып алу керек», дейді.
Бұл картина нені көрсетеді? Мемлекеттік сатып алу процестерінің тым бюрократты екенін немесе сол процесті атқаруға сауаты мен білігі жететін маман тапшы екенін, стратегиялық ойлау мен жауапкершілікті былай қойғанда, тікелей артылған функцияны атқара алмауды және жаны ашу қасиетінің жоқтығын көрсетеді. Онсыз да ілдебайлап отырған қарапайым шаруаға. Ауыл шаруашылығы туралы тағы бір материал бар, сәл кейінірек.
«Мұнай өңдейтін 3 зауыт реконструкцияланған соң бензин тапшылығы болмайды» деп жүрген Энергетика министріалдағы жылдары тапшылық болады деп жатыр. Өткен аптадағы Президент қатысқан үкімет жиыны еске түседі – 4-зауыт салуды жоспарлауды тапсырған. Уақыт өте жанар-жағар май тапшылығы туатынын айтып.Қ.Бозымбаев желтоқсан айында ғана «төртінші зауыт керек емес, алдағы 5-6 жылда қолданыстағы зауыттар экономиканы бензинмен, дизельді отынмен, авиакеросинмен 100 процент қамтамасыз ете алады, 2024-25 жылдары зауыттардың бірінің өндірісін екі есеге ұлғайту керек немесе 4-зауыт салу қажет», деген. Енді анализ жасаған эксперттерге сүйеніп, қолданыстағы зауыттар жаңартылған соң нарықты орта мерзімде ғана қамтамасыз ететінін айтады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
Болжанып отырған тұтынушылық өсімді есепке алғанда автобензин 2021-23 жылдарға қарай, ал дизельді отын 2023 жылдан, авиакеросин 2026 жылдан тапшы бола бастайтыны болжанған.
Ал Инвестициялар және даму жөніндегі министр Жеңіс Қасымбек 2020-22 жылдарға қарай жергілікті жолдар жақсарады деп отыр. Қазір облыстарға республикалық бюджеттен трансферт түрінде 80-90 миллиард теңге бөлінеді екен. Соны министрлік әкімдіктермен бірлесіп 150 млрд-қа жеткізуды жоспарлайды. Сөйтіп жылына 4 мың шақырым автожол жөндемекші. «2022 жылға қарай жергілікті жолдардың 85 проценті жақсарады», дейді Қасымбек. Ойқы-шойқы, шұрық-тесік жолдарға байланысты «міне мына жылы жақсарады» деген сөз есту бірнеше секундқа елең еткізеді. Бірнеше секундқа ғана...
Тағы бір деталь – Білім және ғылым министрлігің кеңейтілген отырысында министр сыныптар бейнеқондырғылармен 50 пайызға қамтамасыз етілгенін, енді 11 мың бірлік сатып алу керектігін айтты. Мектептерді техникалық жағынан қамтамасыз етуді 80 процентке жеткізу міндет. Ауылдың да, қаланың да әрбір сыныбында цифрлық білім ресурстары болуы керек, деп қойды. Еске не түседі? Тура бір жыл бұрын мектептептерде су фильтрлері, диспенсерлер және оқушылар ап-ауыр сөмке арқаламау үшін оқулық пен ауыстырып киетін аяқкиім салып қоятын шкафтар қойылатыны жарияланған. Жоспардың қаншаға орындалғаны немесе басталып-басталмағанын ешкім баяндамады. Тіпті білім басқармаларының басшыларында сұрақ та жоқ. Коллегияның соңында министрге бір-ақ сауал қойылған. Онда да блогерден түскен. Міне, осындай «калейдоскоп». Үңілсең, қызылды-жасылды әдемі әлем.