$474.47 €541.37 ₽6.08
×

«Қымызмұрындық-2026» этнофестивалі өтті

«Қымызмұрындық-2026» этнофестивалі өтті

Кеген ауданының Қарқара жайлауында бесінші мәрте ұйымдастырылған «Қымызмұрындық-2026» этнофестивалі дүркіреп өтті. Шараның басты мақсаты – жаз мезгілінің басталуын, ел бірлігі мен қонақжайлылықты әрі ұлттық құндылықтарға деген құрметті паш ететін, алғашқы қымыз сауымына арналған ежелгі «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғырту. Биылғы фестиваль «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өтіп, биік таулы үстірттің табиғатын сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Мерейтойлық думанға 35 мыңнан астам адам келді, бұл өткен жылғы 20 мыңдық көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Фестивальдің инфрақұрылымы да ауқымды сипат алды – жайлау төсінде 165 киіз үйден тұратын этноауыл бой көтерді. Қатысушылар географиясы бұл шараның халықаралық деңгейге көтерілгенін дәлелдейді: фестивальге Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінен бөлек, Қытай, Қырғызстан және Қарақалпақстан Республикасынан меймандар келді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдерінің де белсенділігі арта түсті. Мәселен, өткен жылы жәрмеңкеге 250-ге жуық ШОБ субъектісі қатысса, биыл бұл көрсеткіш едәуір жоғарылап, Кеген ауданының экономикалық белсенділігіне оң ықпал етті.

Көрермендер үшін ауқымды мәдени бағдарлама мен арнайы көрмелер ұйымдастырылды. Фестивальдің басты ерекшелігі – қонақтар қымыздың 20-дан астам түрінен дәм татты.

 

Фестиваль аясында мынадай арнайы алаңдар ұйымдастырылды:

• Жергілікті өндірушілердің жәрмеңкесі;

• Қолөнер шеберлерінің көрмесі;

• Ұлттық киімдер шеруі;

• Ауыл шаруашылығы көрмесі;

• Асыл тұқымды мал көрмесі;

• Дәстүрлі қолөнер бойынша шеберлік сабақтары.

Мерекелік думанды «Топжарған» этноорталығы мен «Толағай» шығармашылық ұжымының өнерпаздары, театр қойылымдары және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама толықтырды.

Отбасылық демалыс үшін балалар алаңдары, қуыршақ театры, сондай-ақ тоғызқұмалақ пен шахмат сияқты интеллектуалды ойын аймақтары жұмыс істеді. Ал жастар алтыбақан теуіп, қол күрестіріп, арқан тартыстан бақ сынасты.

Шараның басты бөлігі Абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған мәдени-бұқаралық және спорттық жарыстарға ұласты. Спорттық блок аясында «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жүлдегерлер диплом, медаль және кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар үздіктерге бағалы әрі ақшалай сыйлықтар табыс етілді.