Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мен Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй кездесті. Тараптар партияаралық ынтымақтастықты талқылады. Кездесу Қытай елінің Жаңа жылымен тұспа-тұс келгенін атап өткен жөн. Бұл достық қарым-қатынас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін аша түседі. «Нұр Отан» партиясы өзара іс-әрекетті жандандыруға әрдайым ашық. Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев қытайлық әріптестеріне үш бағытта ұсыныс айтты. Партиялық басшылық, партияның Орталық аппараты және өңірлік құрылым бағытында әріптестік байланысты дамыту мәселелері бар. Екі елдің жетекші саяси партия өкілдері біріккен жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе алмасып, партиялық білімнің сапасын арттыра алады.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Өзара іс-әрекетті әлі де күшейте береміз. Мүмкін, алдағы кезеңде бұрынғыдан да белсендірек жұмыс істейтін боламыз. Бізде Қытай коммунистік партиясымен қарым-қатынасты нығайтуға байланысты өте көп жоспарлар бар. Сондықтан биылғы, келесі, одан арғы жылдары да тығыз іскерлік қатынаста боламыз деп ойлаймын.