$472.03 €540.29 ₽6.11
×

Жер бетінде қуатты магниттік дауыл басталды

05.07.2026ж. 05:16
Жер бетінде қуатты магниттік дауыл басталды
Фото: Pixabay

Жерде G3.33 деңгейіндегі күшті магниттік дауыл басталды.

Ресей ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты Күн астрономиясы зертханасы мамандарының ақпаратынша, геомагниттік құбылыс күтілген уақыттан шамамен бір тәулік кеш басталған. Күннен тараған плазма ағыны Астана уақытымен кеше шамамен сағат 16:00-де Жерге жеткенімен, ғаламшардың магнит өрісі біраз уақыт оның әсеріне төтеп берген.

«Дауылдың деңгейі G3.33-ке дейін күшейді. Бұл – биылғы екінші ірі геомагниттік оқиға», – деп мәлімдеді  Күн астрономиясы зертханасы.

Ғалымдардың түсіндіруінше, шешуші өзгеріс бүгін Астана уақытымен шамамен сағат 02:00-де болған. Осы кезде күн желінің көрсеткіштері күрт артып, планетааралық магнит өрісінің бағыты өзгерген.

Мамандар Күндегі жарқылдардың рентгендік сәулелену қуатына қарай A, B, C, M және X деп бес класқа бөлінетінін еске салды. Мұндай құбылыстар магниттік дауыл туғызып, электр желілерінің, байланыс және навигация жүйелерінің жұмысына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар поляр шұғыласын бақылауға болатын аумақтың кеңеюіне де ықпал етеді.