Ұлттық домбыра күні полицейлер үшін ерекше мәнге ие мерекелердің бірі. Себебі иықтарына погон таққан домбырашылар жыл сайын өздерінің шеберлігі мен жан-жақты өнерін паш етіп, қазақтың кеңінен танылған күйлерін орындауды игі дәстүрге айналдырған. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Құрманғазының баға жетпес мұрасы саналатын әйгілі "Балбырауын" күйін Павлодар облысы полиция департаменті цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бастығының орынбасары Меруерт Сыздықова орындады. Офицер ұлттық аспапты меңгерудегі алғашқы қадамын мектеп қабырғасындағы домбыра үйірмесінен бастаған. Бүгінде ол домбыраны кәсіби деңгейде орындап қана қоймай, өзінің өнерімен әріптестері мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді.