$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Прокурор Қ. Бишімбаевты 12 жылға соттауды сұрады

AstanaTV
19.02.2018ж. 20:00
2345
Прокурор Қ. Бишімбаевты 12 жылға соттауды сұрады

Экс-министр Қуандық Бишімбаев 12 жылға сотталуы мүмкін. Бүгінгі сот отырысында прокурор Әлібек Айтжанов оған осындай қатаң жаза беруді сұрады.  "Құрмет" орденінен айыру туралы Президентке ұсыныс беру қажеттігін де жеткізді.

Әлібек Айтжанов, прокурор:

Қылмыстық кодекстің 58 бабы 3-ші бөлігі негізінде 12 жылға бас бостандығынан айырып, иелігіндегі қылмыстық жолмен табылған дүние-мүлкі тәркіленуі қажет. Мемлекеттік және коммерциялық мекемелерде жетекшілік ету құқынан өмір бойына айырып және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің мейлінше қауіпсіз мекемесінде өтеу ұсынылады.

Айта кетейік, Бишімбаев ісі бойынша 22 адам жауапқа тартылып жатыр. Прокурор оларға шартты жазадан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Соңғы жаза ішінде Бишімбаевтың ағайынды інісі Нұрлыбек Сұлтан бар. Прокурорлар ол  "пара алды" деп танып отыр. Ал "Бәйтерек Девелопмент" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев алған 350 миллион теңге параны қайтарып берген. Сондықтан прокурор оны екі жарым жылға соттауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы ұлттық холдингте басқарма төрағасының орынбасары болған Аслан Жақыповты да пара алғаны үшін айыпты деп танып, екі жарым жылға соттауды ұсынды.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың өзі "Бәйтеректің" басқарма басшысы ретінде бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын құрған деп айыпталып отыр. Оған бірнеше рет пара алды деген кінә тағылған.