$467.98 €533.87 ₽6.11
×

Атыраудағы қанды оқиға: прокурор Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Атыраудағы қанды оқиға: прокурор Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады
Фотоколлаж: AzattyqRýhy

Мемлекеттік айыптаушы Сәрсемәлиевті барлық айып бойынша кінәлі деп тануды сұрады

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Жангелді ауылында қайын жұртын қырып салған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот жарыссөзі аяқталды.

Мемлекеттік айыптаушы Сәрсемәлиевті барлық айып бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Оған төрт адамды өлтіруден бөлек, ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы, сондай-ақ құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру айыптары тағылған.

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын ескере отырып, прокурор соттан айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот жарыссөзі барысында Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпты тағы да мойындамайтынын айтты. Оның сөзінше, Наурыз Мұқанғалиев жанжал кезінде өзін қорғамақ болған сәтте қаза тапқан. Ал отбасының қалған мүшелерін өлтіргенін айыпталушы бұған дейін мойындаған болатын.

Енді сот айыпталушыға соңғы сөз беру рәсімін өткізгеннен кейін үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, өткен жылдың желтоқсанында Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, сондай-ақ оның інісі мен сіңлісін өлтірген. Осыдан кейін ол бірнеше апта бойы қылмысты жасырып, қаза болғандардың телефондары арқылы хабарламаларға жауап беріп, олардың ақшасы мен шаруашылығын басқарған және отбасы тірі деген әсер қалыптастыруға тырысқан. Кейін Қазақстаннан кетіп, Индонезияда ұсталып, артынша елге экстрадицияланған.