«Total Eclipse of the Heart» хит әнінің аңызға айналған орындаушысы ұзаққа созылған аурудан кейін 75 жасында өмірден озды
Әнші Бонни Тайлер 76 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. ВВС-дің әртістің ресми сайтындағы мәлімдемеге сілтеме жасап хабарлауынша, ол Португалиядағы ауруханалардың бірінде көз жұмған.
Оның өліміне жуырда ішекке жасалған отадан кейінгі асқынулар себеп болған. Еске сала кетсек, осы жылдың мамыр айында орындаушыға шұғыл түрде ота жасалып, ол жасанды комаға енгізілген болатын. Өткен айда Тайлердің өкілдері оның комадан шыққанын хабарлағанымен, денсаулық жағдайы өте ауыр болып қала берді және ол жансақтау бөлімінде жатуын жалғастырды.
Әншінің отбасы мен командасы өз үндеуінде оның күтпеген қазасына қатты қайғырып жатқанын жеткізді және осы бір ауыр сәтте жақындарының жеке өміріне құрметпен қарауды өтінді.
Бонни Тайлер 1951 жылы 8 маусымда Уэльсте дүниеге келген. Оған әлемдік даңқты 1970-1980 жылдары бүкіл дүние жүзі бойынша миллиондаған тиражбен таралған «Total Eclipse of the Heart», «Holding Out for a Hero» және «It’s a Heartache» сияқты суперхиттері алып келді. Оның өзіне ғана тән қырылдаған ерекше дауысы 1976 жылы дыбыс сіңірлеріне жасалған отаның нәтижесінде қалыптасқан. 2013 жылы Тайлер «Евровидение» байқауында Ұлыбританияның намысын қорғаған болатын.