Астанада 11-12 шілде күндері өтетін BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі аясында кішкентай қонақтарға ұлттық нақыштағы мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы ұсынылады.
Фестиваль аумағында екі күн бойы «BaiQymyz Qulynshaq» балалар этноалаңы жұмыс істейді. Мұнда балалар қазақтың салт-дәстүрімен, мәдениетімен және ұлттық ойындарымен таныса алады. Бағдарламада садақ ату, панна-футбол, нысана-футбол, ойын алаңдары, лабиринттер, «Алтыбақан» ұлттық ойыны және бүкіл отбасыға арналған өзге де танымдық әрі ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Фестивальдің ең қызықты шараларының бірі – «BaiQymyz Qoshaqan» балалар родеосы. Жас қатысушылар ептілігі мен батылдығын сынап, ұлттық ат спорты мәдениетінің элементтерімен танысады.
Фестивальдің екінші күні жас шабандоздар арасында конкурдан жарыс өтіп, олар атпен жүру шеберліктерін көрсетеді. Сонымен қатар қонақтар «Қамбар ата» суреттер және сәндік-қолданбалы өнер көрмесін тамашалап, концерттік бағдарламаларды көре алады.
Сондай-ақ ұлттық дәстүрлермен, қолөнермен және Қазақстанның мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріледі.
Айта кетейік, фестивальге кіру үшін билет сатып алу қажет. Бір күнге немесе екі күнге арналған билет түрлері қарастырылған. Ал зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар фестивальге тегін кіре алады.