$464.71 €531.26 ₽6.05
×

Астана мен Алматыда бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысы 250-400 мың теңгеге жетті

Астана мен Алматыда бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысы 250-400 мың теңгеге жетті

Жалдамалы баспана нарығында хаос. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы айдың өзінде елімізде пәтерақы құны тағы 15 пайызға қымбаттаған. Бүгінде бас қала мен мегаполистерде баспана жалдау бас ауруына айналған. Сұраныс аспандап, ұсыныс тұсауланған нарықта үй иелерінің тәбеті заңнан да жоғары ма? Әріптесім ашып айтады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Дәл қазір мен жылжымайтын мүлік сайттарының бірін ашып тұрмын. Бағасын көріп жағаңды ұстайсың. Бас қаланың қақ ортасынан қарапайым бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 250 мың теңгеден басталып, 400 мыңға дейін шарықтап кеткен. Ал бұл қатардағы қызметкердің бір айлық жалақысы немесе студенттің бес айлық стипендиясы.

Баспана - басты байлық дейміз. Бірақ бүгінде сол байлықтың буына піскен үй иелері бағаны қолдан аспандатып, қарапайым бұқараны қос өкпеден қысып тұр. Әсіресе, зейнет жасына таяған, тағдырдың тәлкегімен жалғызбасты ана атанған жандар үшін бұл нағыз тығырық. Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі мен нақты нарықтағы баға мүлдем жанаспайды. Тапқаны тамағына жетпей, тентіреп жүргендердің мұңы статистиканың құрғақ сандарынан әлдеқайда терең.

ГҮЛЗИРА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кішкентай ұлыммен тұрып жатырмын. 40 мыңға. Пенсия шамалы 52 мың ол пенсия ма? Міне биыл 62-ге толамын. 40 мың квартираға берсем, қалғанын ... аптасына 2-3 рет жұмысқа шығамын посуда жууға.

Бұл жалғыз ғана мысал емес. Бүгінде Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполистерде 1 бөлмелі қарапайым пәтердің орташа бағасы жас маманның немесе қатардағы қызметкердің бір айлық жалақысынан асып түсті. Тұрғын үй нарығын зерттеушілердің мәліметінше, елімізде жалдамалы баспана құны соңғы жылдары рекордтық көрсеткішке жеткен. Мәселен, елордада айлық табысы 250-300 мың теңге болатын жас отбасылар үшін пәтер жалдау табыстың 80 пайызын көкке ұшырумен тең. Коммуналдық төлемдерді айтпағанда, баспананың таза "арендасының" өзі бүтін бір жанұяны аш-жалаңаш қалдыруға шақ тұр.

ЕРБОЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір Астанада бір бөлмелі пәтерді 300 мыңға аласыз ғой. Ол тазасы арендасымен, оның ком. услугасы бар, анасы бар, мынасы бар дегенде. Өзім әйеліммен тұрамын.

Үй иелерінің „өз үйім - өлең төсегім, бағаны өзім кесемін“ дейтін заманы келмеске кетті. Жаңа заң талаптары бойынша, салықтан қашып, келісімшартсыз пәтер сыйлағандар заң алдында жауап береді. Енді әрбір үй иесі „e-Salyq Business“ арқылы тіркеліп, баға мен мерзімді қағазға шегелеуге міндетті. Егер үй иесі салық төлемей, пәтерді заңсыз жалдап жатқаны анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша ірі көлемде айыппұл арқалайды.

НҰРСҰЛТАН ОРЫНАЛЫҰЛЫ, ЗАҢГЕР:

Кез келген сон нотариустерден анықтап алып, үй кімге тиесілі. Сол форма 2-де меншік құқығынан бөлек, оған салынған шектеулер бар ма? Ауыртпалық дейді болмаса, сотпен қойылған, жеке сот орындаушылары қойған немесе басқа бір мирасқорлық мәселесі болады ғой. Жалпы үйдің төлқұжаты осы форма 2.

Әккі үй иелері мен пысық риелторлардың тағы бір қулығы - уақыттан қысу. Алдына келген адамның асығыстығын көріп, "дәл қазір қол қоймасаң, басқа адам алады" деп шартқа мәжбүрлеп қол қойдыратындар жетерлік. Ал ол келісімшарттың ішінде сіздің құқығыңыз емес, тек үй иесінің мүддесі шегеленіп тұруы әбден мүмкін. Сондықтан кәсіби мамандар кез келген қағазға қол қоймас бұрын, оның әрбір үтір-нүктесін зерттеп, алдын ала танысып алуға кеңес береді.

ТІЛЕК РУСЛАНҰЛЫ, РИЭЛТОР:

Көп риэлторлар пәтерді көруге келгенде сол кезде келісімшартқа қол қойдырады. Сол келісімшартты оқып алған дұрыс. Немесе көруге барарда ертерек сол договорды сұрап алып, оқып алған дұрыс.

Баспана бағасының бұлайша шарықтауына сыртқы көші-қон ағыны мен ішкі урбанизацияның жеделдеуі де әсер етті. Мыңдаған студенттер мен жас мамандар ағылған сәтте, нарықта тапшылық пайда болды. Тұрақты бақылау мен мемлекеттік реттеудің жоқтығынан, бағаның көбі жасанды түрде өсті. Құны 100 мың теңгеге де татымайтын тозығы жеткен пәтерлер бір күнде екі есе қымбаттап шыға келді.

ҒАЛЫМ ЫСҚАҚОВ, РИЭЛТОР:

Көп сұраныс болып кетті. Пәтерлер жетіспей қалды. Сол кезде үй иелері соны көріп, бағаны қолдан көтеріп жіберді. Бағасы 100 мың тұратын пәтер бағасы 150-200 мыңға көтеріліп кеткен. Енді осы жылы біз ойлаймыз бағасы өз орнына түседі.

Үйі жоқтық - күйі жоқ. Нарықтағы жабайылық пен хаос тек заң аясында, қатаң бақылаумен ғана реттелмек. Баспана бағасы адамның табысынан асып тұрған заманда, жастардың жарқын болашағы туралы айту қиын.