$510.84 €579.7 ₽6.39
×

ERG тобы жұмыскерлер арасында үздік балуанын анықтады

AstanaTV
19.02.2018ж. 20:00
2684
ERG тобы жұмыскерлер арасында үздік балуанын анықтады

Павлодарда нағыз еңбек адамдарының арасынан үздік түйе палуан анықталды. Бірінші корпоративтік «ERG-Барысы» додасында 100-ге жуық балуан бағын сынады. Айта кетері, боз кілемде белдескендер - кәсіби спортшылар емес. Мамандығы кенші, балқытушы, металлург жігіттер жоғарғы дәрежеде күрес көрсете білді. Ал қонақтар асық атып, тоғызқұмалақтан ой жарыстырып да үлгерді.

ERG тобы - әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятын компания. Мұнда жұмыскерлердің еңбек жағдайын ғана емес, бос уақытын да тиімді өткізуіне ерекше мән берілген. Сәйкесінше, саламатты өмір салтын дәріптейтін іс-шаралар көп. Соның бірегейі қазақ күресінен ұйымдастырылатын «ERG-Барысы» турнирі.

Олжас Оразбаев, ERG спорт клубының директоры:

Додаға қатысып жатқан балуандар - спортшы емес, қарапайым жұмысшы жігіттер. Еліміздің әр аймағындағы өндірістік, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары. Кеншілер, балқытушылар мен металлургтер. Алайда, қанша жұмысбасты болса да, олар спортқа уақыт табады. Осындай спорттық шараларға қатысып, бақ сынауда.

Бірінші корпоративтік турнирге Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Алматы, Астана қалаларындағы кәсіпорындардың өкілдері қатысты. 9 өндіріс ошағынан жүзге жуық үміткер бақ сынады.

Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Осы спорттық шараны ұйымдастырған, қазақтың ұлттық спорт өнерін дамытуға, өркендетуге үлес қосып жатқан Еуразиялық топқа, Павлодар қаласында орналасқан электролиз зауытының ұжымы басшылығына "Нұр Отан" партиясы атынан шын мәнісінде өзіміздің ризашылығымызды білдіреміз.

Залдағы жанкүйерлер әр үміткерді ерекше ықыласпен қарсы алды. Қатысушылардың кейбірін қолдауға тек әріптестері ғана емес, туыстары да келген. Ақтық сында белдескен қос палуанның мықтылығын байқау қиын емес. Дегенмен, дода болған соң біреуі ғана үздік атанды.

Талғат Жиенбаев, «ERG-барысы» турнирінің жеңімпазы:

Белдесу өте ауыр болды. Бірден жинақтала алмадым. Тек бірінші, екінші айналымда денемді қыздырып үлгердім. Сөйтіп ақтық сайыста өз-өзімді жеңіске дайындап, ақыры жеңдім. Әсіресе, ұйымдастыру жағы өте жоғары деңгейде. Кілемге шыққанда жан-жақтан қолдауды сезініп, рух алдым деуге болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ күресінің таңдалуы кездейсоқтық емес. Былтыр бұл ұлттық спорт түрі ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне кірген.

Әсемгүл Мұхитқызы