$464.71 €531.26 ₽6.05
×

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында поэзия кеші өтті

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында поэзия кеші өтті

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі көкпар ойынымен бастау алды. 

Екі күнге созылатын додада өңірдің әр түкпірінен келген командалар бақ сынасуда.

Одан соң Берел ауылындағы «Патшалар алқабы» тарихи-мәдени кешені аумағында белгілі ақын Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ас берілді. Оған қаламгерлер, мәдениет қайраткерлері және ақынның жақындары қатысты.

Кешке қарай дүйім жұрт «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия фестиваліне жиналды. Жыр нөсері төгілген шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов келді.

«Қасиетті Төр Алтайдың мұзарт шыңдары аспанмен тілдесіп, мөлдір бұлағы мәңгіліктің күйін шерткен, тасын түртсе тарих сайрап, түгін тартса майы шығатын бұл өлкеде дүниеге келу былай тұрсын, жай ғана бас қосудың өзі – асқан бақыт. Осы өңірден түлеп ұшқан көрнекті ақын Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойын елдік деңгейде атап өту үшін бас қосып отырмыз. Біз үшін бұл той - қазақ жырының мерейі, Алтайдың абыройы, ұлт рухының салтанаты», - деді аймақ басшысы.

Поэзия мерекесінде еліміздің әр өңірінен жиналған белгілі ақындар мен қаламгерлер өлең оқыды. Олардың қатарында Ербол Алшынбай (Абай облысы), Индира Кереева (Ақтөбе облысы), Шерхан Талап (Астана қаласы), Ділдә Уәлибек (Астана қаласы), Айбек Оралхан (Павлодар облысы), Піржан Сандыбай (Қызылорда облысы), Әскерхан Ақтай (Шығыс Қазақстан облысы), Мұратхан Кенжеханұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Олжас Керейхан (Шығыс Қазақстан облысы), Оразай Жеңісұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Қызырбек Дүргінбайұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Есенбол Наурызбай (Шығыс Қазақстан облысы), Естай Жаңабай (Шығыс Қазақстан облысы), Құмар Зиятхан (Шығыс Қазақстан облысы) және Мақсат Дауылбайұлы (Астана қаласы) бар. Олардың әрқайсысына жарты миллион теңгеден берілді.

11 шілде күні сағат 11.00-де «Ақтанымын Алтайдың» атты республикалық ақындар айтысы басталады.

Ал кешке сахна төріне Қазақстан, Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан (Өзбекстан Республикасы), Башқұртстан (Ресей Федерациясы), Тыва Республикасы  (Ресей Федерациясы) және Моңғолиядан келген өнерпаздар шығады. Кештің басты хедлайнері – Димаш Құдайберген болмақ.