Президент қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Тиісті ақпарат Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Осыдан соң Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа әліпбимен құттықтады. «Бұл - тарихи маңызға ие оқиға» деген сенат спикері жылы лебізін латын қарпімен жазды. Ал ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев әліпбидің бұл нұсқасы басқаларына қарағанда әлдеқайда ыңғайлы екенін айтты.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
Ұлттық комиссия арасында 5-6 топ ішінде, бұл әрқайсы топтың ішінен үлкен жұмыс атқарылды. Біздер, мысалы, техникалық топты басқардым. Осы техникалық топтың апострофпен бірге қалай енгізілетін проблемаларын біз қарадық. Сол проблемаларды біз көтердік. Елбасы біздің айтқанымызды, мамандардың айтқанын естіп, осы жаңа нұсқаны енгізіп отыр.
Министр латын қарпіне көшу үрдісі кезеңмен жүретінін айтты. "Ешкімді айдап, қыстамаймыз" деді. Бекітілген әліпбиде 32 әріп бар. Апострофтар алынып тасталды. ә, ғ, ң, ө, ү және у әріптерінің үстіне штрихтар қойылып жазылады. Сонымен қатар sh (ш) және ch (ч) әріптерін белгілеу үшін диграфтар енгізілді. Бұған дейін 25 әріптен тұратын әліпби қаралған еді. Алайда қазан айында 32 әріптен тұратын жаңа нұсқа ұсынылды. Бұл нұсқа халық арасында кеңінен талқыланды. Тұрғындардан бір жарым мыңнан астам ұсыныс түскен.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
Жоба бойынша нөлінші сыныптан
бастаймыз. Оған
екі жыл беріледі. Сонда 2020 жылдан бастап қазіргі жоба бойынша, бірақ өзгерістер
болса, ең алдымен мұғалімдерді дайындап, оқулықтарды апробациядан өткізіп,
экспертизадан өткізіп, ақылдасып, қарап, тағы бір жиналып ақылдасатын боламыз.