$464.71 €531.26 ₽6.05
×

Астанада қоқыс полигонындағы өрт әлі сөндіріліп жатыр

Астанада қоқыс полигонындағы өрт әлі сөндіріліп жатыр
Фото: ТЖМ

Тілсіз жаумен күреске 120-ға жуық адам мен 150 техника жұмылдырылған

Астананың Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Тілсіз жаумен күреске 120-ға жуық адам мен 150 техника жұмылдырылған.

Өрт аумағы екі учаскеге бөлінді

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртті тиімді сөндіру үшін полигон аумағында екі учаске құрылған. Құтқару бөлімшелерінің негізгі күштері мен техникасы осы аумақтарға шоғырландырылды.

Сонымен қатар полигонды инертті материалмен көму жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өрт ошақтарын оқшаулап, жалынның одан әрі таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінге дейін полигонға шамамен 14,85 мың тонна инертті материал жеткізілген.

Қалың түтін өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып жатыр

ТЖМ өкілдерінің айтуынша, полигондағы қалың түтін мен үйілген қалдықтардың бос әрі тұрақсыз болуы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр.

«Бұл факторлар арнайы техниканың қозғалысын шектеп, ірі көліктердің жұмысын қиындатады», – деп хабарлады министрлік.

Өртті сөндіруге 150 техника жұмылдырылды

Өрт сөндірушілерді сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін автоцистерналар мен су таситын көліктер пайдаланылып жатыр. Олар суды өрт гидрантынан тасымалдайды.

Өртті жою жұмыстарына ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың 120-ға жуық қызметкері және 150 техникасы қатысып жатыр.

ТЖМ жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді. Полигондағы өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда.