Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Көктемгі қар суына аймақтардың барлығы бірдей дайын емес - ҚР ІІМ

AstanaTV
20.02.2018ж. 20:00
3394
Көктемгі қар суына аймақтардың барлығы бірдей дайын емес - ҚР ІІМ

Елдің біраз аймағы биыл да көктемгі тасқын су астында қалуы мүмкін. Апаттың алдын алуға өңірлердің барлығы бірдей дайын емес. Үкіметте есеп берген Ішкі істер министрі қызыл судан қауіптенбей, жайбарақат отырған аймақтардың атын атап, түрін түстеді. Олар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Көктемгі суға барлық аймақтар толық дайын деп айта алмаймыз. Шешімін күтіп тұрған күрделі мәселелер бар. Барлық су қоймалары еріген қар суын қабылдауға дайын емес. Тағы бір сұрақ - даладан келетін еріген қар суының жайылуы. Соңғы 3 жылда ол судан 57 ауыл зардап шекті. Бүгінде еріген қар суы 160 ауылға қауіп төндіріп отыр. Олар Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында.

Күн тәртібінде жылда судан зардап шегетін Атбасар қаласының мәселесі тұр. Оның тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуі мүмкін. Бірақ сұрақ әлі шешілген жоқ. Ақмола облысы әкімінің есебінше, жаңа бөгет салуға 10 млрд теңгеден астам қаржы кетеді. Ал Атбасардағы қалған 500-дей отбасына жаңа үй салып, басқа ауданға көшіру арзанға түспек, оған көп болса 3-5 млрд теңгеге дейін шығын шығады екен. Ал премьер-министр жылдағы әдетпен апаттан соң айыптыны іздемей, қазірден бастап мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. "Тіпті халық Үкіметке сенбейді" деп те мойындады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Бір де бір әкім Ішкі істер министрінің айтқанына мән бермеді. Ал барлық әкімдер "бізде бәрі жақсы" деп есеп берді. Өткен жылғыдай соңында кінәліні іздеп шықпайық. Былтыр дұрыс мәлімет бермеді деп "Қазгидрометті" айыптадық. Ал "жағдайға салғырт қарадым" деп ешкім жауапкершілік алған жоқ. Тұрғындардың жазғандарын оқимын. Олар біз бөгет салып жатырмыз, жобалап жатырмыз дегенге сенбейді. Өйткені ақыр соңында бәрі судың асында қалады. Олар, бөгет салғанша, бізге су келмейтін ауданға дұрыс үй салып беріңдер, дейді.

Министр мәліметінше, Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылғыларында еріген судың кері әсерін зерттейтін жоспар құрылмаған. Ақмола облысында алдын алу шаралары тек республикалық гидротехникалық құрылғыларда жүргізілген. Олардың саны 15. Ал коммуналдық және жекеменшікте 68 нысанда ешқандай тексеру қолға алынбаған. Солтүстік Қазақстан облысындағы коммуналдық меншіктегі 17 су техникалық құрылғысында сақтандыру шаралары атқарылмаған. Қарағанды облысында Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларында жиналған судың көлемі қазірдің өзінде 2017 жылдың көлемінен артық. Егер қар күрт еріп, су көбейіп кетсе, суды апаттық жағдайда тастау керек болады, деді министр. Бұл ағыстың төменгі жағында отырған 44 ауылға қауіп төндіреді.