$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Бишімбаев 2 млн доллар пара алғанын жоққа шығарды

AstanaTV
20.02.2018ж. 20:00
2520
Бишімбаев 2 млн доллар пара алғанын жоққа шығарды

«Маған тағылған 2 миллион доллар пара алды деген айыптау негізсіз. Пара алған жоқпын және өзім жасамаған қылмысты мойныма ала алмаймын». Қуандық Бишімбаев бүгінгі сот отырысында осылай деп мәлімдеді. Атышулы істі қарау жалғасып жатыр. Қазір жарыссөз кезеңі өтуде. Экс-министр Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына қатысты эпизод бойынша 2 миллион доллар пара алды деген айыптауға қатысты өзін ақтайтын деректер келтірді. 

Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:

«Пара алды» дегенге ешбір дәлел жоқ. Бұл айыптаудың дәл маған қарсы жасалғанын баса айтқым келеді. Айыптаулар Исабектің, Айталиевтің, Бекжановтың куәлігіне негізделген. Тергеу барысында менен де, жұбайымнан да, тіпті айналамдағы өзге адамдардан да мұнша ақша табылмады.

Күні кеше прокурорлар Бишімбаевқа 12 жыл жаза сұраған еді. Бұған қатысты пікір білдірген ол мемлекеттік айыптаушылардың мәлімдемесінен соң абдырап қалғанын айтады. "Мұнымен еш  келіспеймін. Ұстанымым белгілі, жасамаған қылмысты жасадым деп айта алмаймын. Сот барысында келтірілген айғақтар қылмысқа менің қатысымның бар екеніне дәлел бола алмайды", - деді Бишімбаев.  Сондай-ақ өзге сотталушылардың қылмысын мойындауына қатысты жайтты де айтып өтті. «Кінәні мойындаған жақсы. Алайда, бұл өзге біреуге жала жабуға жол беру керек деген сөз емес", - деді. 

Экс-шенді мен тағы 22 фигурантқа қатысты іс төрт айдан бері сотта қаралып жатыр. Бишімбаевқа "Пара алу", "Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену немесе талан-таражға салу" баптарымен айып тағылған.