Араға 18 жыл салып, «Құрметті донор» марапаты қайта оралды. Енді жүздеген отандасымыз өмір сыйлағаны үшін мемлекет деңгейінде арнайы төсбелгімен марапатталмақ. Донор болу – ақшамен өлшенбейтін, тек адамгершілік пен үлкен мейірімнен туатын ұлы құндылық. Елімізде мыңдаған жан дәл осы игі істі күнделікті әдетіне айналдырған.
Сын сағат. Өмір мен өлім арпалысқан сәт. Мұндай кезде дәрігердің шеберлігінен бөлек, қан қорының уақытылы табылуы шешуші рөл атқарады. Қазақстанда жыл сайын 85 мыңнан астам пациентке шұғыл қан құйылады. Былтыр 18 жасқа толған, денсаулығы жақсы, салмағы 50 келіден кем емес 180 мыңнан астам азамат донор болған. Олар 255 мың рет донация жүргізген.
ЕРЛАН ОРАЗБАЕВ, ДОНОР:
Жиі қан тапсыруға тырысамын. Адам өмірін құтқаруға титтей де болса, көмегім болсыншы деп келемін. Достарым менен де жиі донор болады.
Енді тұрақты әрі өтеусіз қан тапсырып жүрген жандардың еңбегі жоғары деңгейде ұлықталмақ. Үкімет қаулысымен 18 жылдан соң «Құрметті донор» төсбелгісі қайта бекітілді. Қазақстан теңге сарайы дайындайтын бұл марапаттың дизайны терең мағынаға ие. Геральдика комиссиясы мақұлдаған белгінің қақ ортасында қанық қызыл түсті қан тамшысы мен соғып тұрған жүректің графикалық ырғағы бейнеленген. Бұл - тоқтаусыз соққан өмірдің символы.
ӘЙГЕРІМ САҒЫНБАЕВА, ДОНОР КАДРЛАРЫН ЖИНАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Осыған дейін донорларға денсаулық сақтау жүйесіне қосқан үлесі үшін марапаты берілетін. Енді біздің донорлар арнайы, өзіне лайықты «Құрметті донор» деген төсбелгісімен марапатталады. Жылына екі рет береміз. 14 маусымда – Дүниежүзілік қан донорының кезінде беріледі. Және 16 желтоқсанда беріледі.
Иә, марапатқа ие болудың өз талабы бар. Өтеусіз негізде қан мен тромбоцитті кемінде 40 рет, ал плазманы 70 рет өткізген азаматтар ғана бұл мәртебеге лайық деп танылады. Қазірдің өзінде елімізде осы талапқа толық сай келетін 481 тұрақты донор бар. Олар алғашқы болып осы төсбелгіні кеудесіне тағады. Айта кетерлігі, марапат тек Қазақстан азаматтарына емес, елімізде қан өткізіп жүрген шетелдіктерге де беріледі.