Бүкіл әлем асық ойнайтын болады. Бұл туралы бүгін "Қазақ Туризм" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев мәлімдеді. Алдағы уақытта «асық ату» ұлттық ойыны Германияда, Қытайда, Гоконгта, Оңтүстік Кореяда, Польшада және басқа да шетелдерде таныстаратын болады. Диана Сапарқызы тарқатады.
Қостанай тұрғыны Серікбай Жиеналин - «Асық ату» ойыны бойынша еліміздің үш дүркін чемпионы. 68 жастағы зейнеткер тағы талай сайыстарға қатыспақ ниетте. Ауыл аралап, асық жинайтын чемпионның қоржынында 100 асық бар екен. Сақалардың көбісін жарыстарға барғанда жастарға үлестіріп жіберетін көрінеді. Соңғы кездері арқар мен тәуешкінің асығы сұранысқа ие болып тұр. Біреуінің құны 5 мың теңге, - дейді зейнеткер.
Серікбай Жиеналин, асық атудан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы:
6 метр қашықтықтан радиусы 2-2,5 метр жерден кішкентай асықпен сақаға тигізу өте қиын. Сол себептен соңғы кездері көбісі арқардың сақасымен ойнап жүр. Жасыратыны жоқ, 5 мың теңге тұрады біреуі. Ал мына асықтарды 100 теңгеден сатып аламыз.
Қазір елдің 8 облысында "Асық ату" федерациясының филиалы бар. 400-ден аса бапкер асық ойнаудың түрлі нұсқасын үйретіп жүр. Республикада 10 мыңнан аса адам асық ойнайды екен. Ал биыл федерация 10-шы рет "Алтын сақа" турнирін ұйымдастырды. Бұл сайысқа ТМД елдерінің ойыншылары жыл сайын үзбей қатысып жүр. Мұны федерацияның атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов айтып отыр.
Жомарт Сабыржанов, «Асық ату» федерациясының атқарушы директоры:
Қазір ақырын-ақырын асығымызды мойындап жатыр. Оның керек екенін, оның болашағы зор екенін. Мынау физикалық нагрузка дейміз ғой. Доп ойнағанда қандай жүктеме алса, дәл осы нагрузканы асықтан да алуға болады. Негізгі мақсаты - мергендікті дамыту. Мергендік - қазақтың қанына сіңген қасиет қой.
«Қазақ туризм» ұлттық компаниясының хабарлауынша, алдағы уақытта Германияда өтетін "ІТВ Берлин" көрмесінде асық ату ойыны көрмеге келушілерге көрсетілмек. Олардың арасында дәлдік, ептілік байқауы өткізіліп, жеңімпаздарға арнайы әзірлеген асық жиынтығын табыстайды.
Рашид Күзембаев, «Kazakh Tourism» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы:
Германияда өткізетін көрмені ерекше етіп ұйымдастырып отырмыз. "Асық ату" ойыны шетелдегі көрмеде негізгі орынды алатын болады. Сонымен бірге, көрме қонақтарына қазақ ұлттық аспаптарын ойнатуды, «Қара жорға» биін билеуді және киіз үйді жинауды үйрететін боламыз.
Айта кетсек, былтыр қазақтың "Асық ату" ойыны UNESCO-ның "Адамзаттың материалды емес мәдени мұрасы репрезентативті" тізіміне енген.
Диана Сапарқызы, тілші:
Жоба
авторларының айтуынша, халық арасында асық жинау бойынша арнайы акция
жарияланады. Қазір қоржында 100 мың асық бар. Ұлттық ойынның бүкіл əлемге
таралуына өз үлесін қосқысы келгендер асықты арнайы орындарға тапсыра алады. Ол
алдымен Астанада, кейін басқа өңірлерде ашылатын болады.