$468.88 €534.1 ₽6.04
×

Қарағанды облысының Теміртау қаласында егеуқұйрықтар адамға шабуылдады

14.07.2026ж. 19:00
Қарағанды облысының Теміртау қаласында егеуқұйрықтар адамға шабуылдады

Қарағанды облысының Теміртау қаласында егеуқұйрық қаптады. Тіпті тұрғындарға шабуылдай бастады. Жұрт жағдай ірі көлемді қоқыстың дер кезінде жиналмауынан ушықты деп отыр. Ал шенеуніктер   зиянкестермен күрес жасалып жатқанын айтады.

Егеуқұйрық талтүсте адамға шабуылдады. Қалада  мұндай жағдай жиілеп тұр.  Кеміргіштер аулаларда өріп жүреді дейді тұрғындар.  Қоқыс алаңдарынан басқа үйлердің кіреберісі мен балконның астына дейін ін қазып ұялап алыпты.

НАТАЛЬЯ ХОЛОДОВА, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егеуқұйрықтар бізді басып алды. Балконның астына кіріп алған. Күндіз емін- еркін үйлерді аралап бүкіл ауданда жүгіріп жүреді. Әкімдікке де, учаскелік инспекторға да жаздық. Бар мәселе қоқыста. ГОРДОРСЕРВИС мекемесі қалдықтарды дер кезінде жинамайды. Соның салдарынан кеміргіштер қаптап кетті.

Кейбір ауданда қалдықтар контейнерлерден асып төгіліп жатыр. Бұл -кеміргіштерге өте қолайлы жағдай. Жұрт ауру тарай ма деп қауіптенеді.

ТАҢАТАР КӨПЖАСАРОВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егеуқұйрықтардың енді пәтерлерімізге кіруі ғана қалды. Аулада үнемі балалар жүгіріп ойнап жүреді. Ал кеміргіштердің инфекция таратушы екенін біріміз білеміз. Қатты қорқамыз.

Заң бойынша егеуқұйрықтармен күрес, яғни дератизация және қоқыс алаңдарының санитарлық жағдайын қамтамасыз ету әкімдік пен қызмет көрсетуші мекеменің міндеті. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері ірі көлемді қоқыс көптігін мойындайды. Өйткені тарифке енгізілмеген. Дегенмен демеушілердің қолдауымен мекемелер жинап, артып отырамыз,- дейді.

АЛЕКСАНДР ГЛАДЫШЕВ, ТҮКШ СЕКТОРЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қатты тұрмыстық қалдықтар ғана тарифке енгізілгендіктен. Басқа қоқыстар үшін қызмет көрсетушіге ақы төленбейді. Сондықтан оны біз артып әкетеміз. Биыл оған еш қаржы бөлінбеді. 3 жылдан бері демеушілердің көмегімен жинап жүрміз.

Ірі көлемдегі қоқысты арту үшін биыл да облыстық бюджеттен қаржы сұраған. Сәуірден бері 450 машина қалдықты демеушілер тасып берген. Сонда да қоқыс көп, кеміргіштер күн санап көбейіп барады.