$468.88 €534.1 ₽6.04
×

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңір әкімдеріне бір ай уақыт берді

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңір әкімдеріне бір ай уақыт берді

Өңір әкімдеріне тықыр таянды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бір ай ішінде  өндіріс орындары мен инвестициялық жобаларды, тауар айналымын ұлғайтуды тапсырды. Жалпы, еліміздегі алыс-берістің 70%-дан астамы бес өңірге тиесілі. Ол – Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды облыстары. Ал қалғаны тасада қалып отыр. Сондықтан премьер-министр шекаралы өңірлер мен туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың мүмкіндіктерін кеңейтуді міндеттеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Әр облыс сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін өз әлеуетін тиімді пайдалануы қажет. Бұл бағытта шекара маңындағы өңірлердің, сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың мүмкіндіктері мол. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін пайдаланып, олардың базасында заманауи сауда, қайта өңдеу және кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажет.

Бұдан бөлек, Олжас Бектенов Алматыдағы жылу электр орталығының жұмыс қарқыны өте баяу екенін айтып сынға алды. Бұған жауапты «Самұрық-Қазына» басшылары екенін еске салып, құрылыс барысына жауапкершілікпен қарауды міндеттеді. Сондай-ақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне де тапсырма берді. Бір ай ішінде металлургия саласын ынталандырудың қосымша тетіктерін әзірлеуді жүктеді. Ал, инвестициялық жобалар тіптен кешікпеуі керек.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өңір әкімдіктерімен бірге бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларды мұқият тексеріп шығып, проблемалық мәселелерді анықтауды және оларды шешудің нақты шараларын айқындауды тапсырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері әзірленді. Өнеркәсіп министрлігі бір ай ішінде жаңа тетіктерді іске қосу үшін Үкіметке тиісті түзетулер жобасын енгізсін.