$468.88 €534.1 ₽6.04
×

Еңбек нарығында 500 мыңға жуық орын бос тұр

AstanaTV
14.07.2026ж. 19:00
Еңбек нарығында 500 мыңға жуық орын бос тұр

Жыл басынан бері электрондық еңбек биржасында 500 мыңға жуық бос жұмыс орнын жарияланды. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда қосымша 11 мыңнан көп. Еңбек нарығында қай сала мамандарына сұраныс жоғары? Тілшіміз Айгерім Есенкелді сөз алсын.

Қазақстандық жұмыс берушілер жаппай жаңа қызметкерлер іздеуде. Жұмыс іздейтін платформаларда хабарландыру саны артқан. Әсіресе өндірістік және агроөнеркәсіптік секторларда кадрларға деген сұраныстың айтарлықтай көбейгені байқалды. Ауыл шарушылығында 37,5 мың бос жұмыс орны ұсынылыпты. Ал құрылыс саласы 32 мыңнан астам маманды күтуде.

ТӨЛЕУ МҰХТАР, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ол экономикалық өзгерістерге байланысты. Оның ішінде атап өтетін болсақ, ол экономиканың белсенділігінің жандануы, жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы. Мысалы құрылыс, өнеркәсіп, көлік және логистика салаларында, иә, жаңа жобалардың іске асуы. Сонымен қатар, маусымдық жұмыстардың басталуы құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм саласы салаларында  және де мынау жұмыс берушілердің цифрлық платформалар арқылы бос жұмыс орындарын жариялау белсенділігінің артуын атап өтуге болады.

Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында да сұраныс өсіп, 10 мыңнан астам вакансия жарияланған. Ал салалар бойынша ең көп бос жұмыс орны білім беру бағытында болып тұр. 120 мың маман іздеп, жалпы сұраныстың шамамен 24%-ын құрады.

АЙГҮЛ БАЙТЕКЕЕВА, №1 АЛМАТЫ ҚАЗАҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биылғы оқу жылында әсіресе жалпы білім беретін пәндер бойынша информатика, орыс тілі, математика пәні оқытушысына вакансиялар жарияланды. Әрине, жас мамандарды жұмысқа тарту кезінде бірқатар қиындықтар кездеседі. Жалақыға деген талабы өте жоғары, немесе мансаптық өсуге байланысты салаларды қарастырады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сәйкес, өңірлер бөлінісінде бес ай ішінде ең көп бос жұмыс орны Астана қаласы, Павлодар мен Түркістан облысында тіркелген. Мамандар сұраныс көбеюі экономикамыздағы оң нәтижелерді білдіретінін айтты.

БЕКНҰР ҚИСЫҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Адами капитал ол экономиканың бір тұрағы деп айтуға болады, фундамент деп айтуға болады. Сондықтан қазір көріп тұрсыз мына жасанды интеллект және мына технология соның бәрі көбейіп жатыр, сондықтан мына осындай 400 мың вакансия ашылған өте керемет, біздің экономика өсіп бара жатыр деген көрсеткіші. Және жалпы өнімдердің саны бізде осының арасында арқасында көбейді деп ойлаймын.

Министрлік жыл басынан 249 мың азамат жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Аталған көрсеткіштер еліміздің еңбек нарығында тұрақты оң үрдіс сақталғанын көрсеткендей. Бүгінде жұмыс іздеушілер үшін еңбек нарығында кең мүмкіндіктер ұсынылып отыр.