$468.88 €534.1 ₽6.04
×

Мексика Трампты сотқа береді

Мексика Трампты сотқа береді

Трамптың бейбітшілікке деген ұмтылысы осымен аяқталды. АҚШ Президенті Конгресске Иранмен соғыстың басталғаны туралы ресми хабарлады. Одан бөлек, Ормуз бұғазына қайтадан блокада орнатты. Бірақ, Трамптың өзінің үстінен сотқа шағым түседі. Бұл туралы Мексика Президенті хабарлады. АҚШ миграциялық полициясы жыл басынан бері 17 мексикалық азаматты өлтірген. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп Конгресске соғыстың ашылғаны туралы ресми хабарлады. Бүгіннен бастап АҚШ әскері ешкімге қарамастан 60 күн бойы Иран жерін атқылай алады. Заң шығарушы органға ресми хабарламасында АҚШ Президенті ел мүддесін және америкалықтардың өмірін қорғау үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын әрі өзі бірінші болып бастамағанын хабарлады. Онымен қоймай, Ормуз бұғазында өзі блокада ұйымдастырып отыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ормуз бұғазы бүкіл әлем үшін ашық болады. Иран қарсыласса да, онысынан түк шықпайды. АҚШ теңіз күштері қайтадан бұл аймақты өз қарамағына алады. Енді, біздің операция Ормуз блокадасы деп аталады. Себебі, мен тек Ирандық кемелердің жолын бөгеймін. Ал, өзге мемлекеттер мен қауіпсіздікті қамтамасыз еткенім үшін маған ақша төлесін.

Иран болса, өзінің судан ақ, сүттен таза екенін айтып әлек. Елдің ресми өкілдері, бейбітшілікті бұзды деген айыпты Трампқа тағып отыр. Десе де, Иранның одақтасы – Йемендік Хуситтер өз-өздерінен Сауд Арабиясына дрондармен шабуыл жасады.

ЭСМАЭЛЬ БАГАИ, ИРАН СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Біз өз тарапымыздан барлық міндеттемелерімізді орындадық. АҚШ-пен уағдаластықтарға жауапкершілікпен қарадық. Трамп болса, өзінің ешқай келісімді мойындамайтынын және ойына келгенін істейтінін аңғартты. Біз де жауап қатуға мәжбүрміз.

Трамптың өзін Мексика да сотқа берейін деп отыр. Бұл туралы мемлекет басшысы Клаудиа Шейнбаум мәлімдеді. Бірер күн бұрын Трамптың таққа отырғанынан кейін күшейген иммиграциялық полиция шыққан тегі мексикалық 35 жастағы Лоренцо Сальгадо Араухоны Хьюстонда өлтірген. Бұл АҚШ ішіндегі эммигранттарды да, мексикалықтарды да ашуландырды. Себебі, иммиграциялық полиция жыл басынан бері 17 мексикалықты өлтірген.

КЛАУДИА ШЕЙНБАУМ, МЕКСИКА ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл жайт барлық мексикалықтардың намысына тиіп, ызамызды келтірді. Біз жай ғана дипломатиялық хат жіберіп, одан жауап күтіп отыра алмаймыз. Одан пайда да жоқ. Президент Трамп мексикалықтарды екінші сұрыпты адам деп есептейді. Біз заң жүзінде қарсы тұрмақпыз. АҚШ соттарының әділдігіне сеніп, Президент Трамптың үстінен іс қозғауды өтінеміз.

Қатарда 74 жасында дүниеден озған Хамад бин халифа Әл Таниды халық ақтық сапарға шығарып салды. Ол 1995-2013 жылдар аралығында ел билеп, «Қатардың әмір-әкесі» атанған. Шейх ел астанасы Доха маңындағы Лусаил бейітінде жерленді.