$468.88 €534.1 ₽6.04
×

Жамбылдық шебердің қолынан шыққан қобыз шет елдерге сатылып жатыр

AstanaTV
14.07.2026ж. 19:00
Жамбылдық шебердің қолынан шыққан қобыз шет елдерге сатылып жатыр

Жамбылдық қария  қобыз ояды. Шебердің  қолынан шыққан аспап шет ел асып жатыр. 65-тегі зейнеткер  ауылда отырып-ақ 2 жарым мыңға жуық қылқобыз жасаған. Ұлттық аспабымыз бен оның қоңыр үніне Фрация мен Бельгия азаматтары ерекше  қызығушылық танытатын көрінеді. Тіпті ауылға келіп ақсақалдың ұстаханасынан өздері алып кетеді екен.

Шу ауданы Төлеби ауылында қария Қанат Қазақбаев өз үйінде ұлттық аспап жасайтын шағын шеберхана ашып, 40 жылдан астам уақыт қобыз жасауды қол алған. Қорқыт бабамыздан қалған құнды аспаптың әуені әскерден келгенде әсер етіпті. Содан бері қолы қалт етсе қобыз жасау хоббиына айналған. Қазақтың қоңыр үнін әлемге танытып, талантты шебердің қолынан шыққан аспапқа елімізден бөлек шет елдіктер де жиі тапсырыс береді екен.

ҚАНАТ ҚАЗАҚБАЕВ, ШЕБЕР:

Әскерден келгеннен кейін бір қобыз көріп, дауысын естіп құмарып ауып, сол уақыттан бастап қобыз жасап келе жатырмын. Француз жігіті үйге келіп алып кетті. Турист болып Қырғызстанға бара жатып естіп Астанада мекенжайымды алып, мен өзім темір жол бекетінін күтіп алдым. Былайша бүкіл қазақта ұсталық бар ғой негізі.

Қанат Қазақбаев сатып алушылардың сұранысына сай қобыздың сан түрін жасайды. Осыған дейін шеберханада қылқобыз, нарқобыз және көне қобыздың 2 жарым мыңға жуығы дайындалған.  Олар қара ағаш пен жиде талынан ойылады.  Арасында домбыра да жасайды. Білгенін  шәкірттеріне үйретеді.  Атадан қалған мұраны жас буын жалғастырса   дейді. Қобызға құмартып, оның қыр-сырына қызығып жүрген  Дамир жазғы демалысын осында өткізуде.

ДАМИР САПАРБЕКОВ, СТУДЕНТ:

Қобызды қалай істейді, оны қалай тағайындайды. Оның қалай пішінін келтіреді деген сияқты, сөйтіп келдім да. Қанат ағайға 1-2 жыл болды келіп жүргеніме. Кәсіп етіп емес, кем дегенде 1,2 қобыз істеп көргім келеді. Ары қарай көрініп жатар. Сапалы болып жатса жалғастыруға болады.

Ауылдың ауласындағы шағын шеберханада жасалған дүниелер арнайы тапсырыспен әзірленіп, әлемге таралуда. Танымал кісілер елге келгенде естелікке  беріледі. Соның бірі бұрын Рим папа болған Иоанн Павел II-ге Қанат ақсақалдың төл туындысы тарту етілген көрінеді. Ұлттық   қобызымыз 2001 жылы Ватикан басшысы елге ресми сапармен келгенде сыйға берілген.