Алматыда Алтын Орда мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері халықаралық ғылыми жиында кеңінен талқыланды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен халықаралық ғылыми дөңгелек үстелге отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Жапония мен Түркия тарихшылары жиынға онлайн қосылды. Кездесуде жоғары оқу орындарына Алтын Орда тарихына арналған жаңа базалық пән енгізу және Халықаралық ғылыми хаб құру ұсынылды. Мамандардың айтуынша, Алтын Орда мұрасы қазақ мемлекеттілігі, тілі мен мәдениетінің қалыптасуында ерекше орын алады.
ЕРТАЙ СҰЛТАНҰЛЫ, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЗЕРТТЕУ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ИНОВАЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ:
Енді университет жыл аяғына дейін бірнеше іс-шараларды жоспарлап отыр. Кітап шығару мәселесі бойынша қазіргі кезде үлкен деңгейде олар әлі шешіліп жатыр. Өйткені әлі талдайтын сұрақтар бар, әлі ақылдасатын шарулар бар дегендей. Өйткені жаңадан ашылып жатқан деректері бар, қорлары бар.
Жиында Алтын Орда тарихын мектеп бағдарламасына енгізіп, оны заманауи интерактивті карталар мен 3D модельдер арқылы оқыту ұсынылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жастардың Алтын Орданың тарихи маңызы мен әлемдік өркениеттегі орнын тереңірек тануына ықпал етеді.
ГҮЛЖАН РАШЕВА, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Қазіргі таңдағы негізгі өзекті мәселе осы Алтын Орда мәселесін мектеп бағдарламасына нақты енгізу және жан-жақты зерделеп оқыту мынау қазіргі өскелең ұрпаққа бұл Алтын Орданың мән-мағынасын өзіндік сол кездегі әлемдік деңгейдегі орны бар екенін түсіндіру керекпіз.