Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында елімізде жасанды интеллект, инженерлік әзірлемелер және технологиялық кәсіпкерлік экожүйесін қалыптастыруға бағытталған заманауи білім беру, ғылыми және технологиялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Аталған бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі тетіктерінің бірі – ҚР Президенті тапсырмасымен Ғылым және жоғары білім министрлігі бастамашылық еткен AI-Sana ұлттық бағдарламасы. Бағдарлама жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға, студенттер мен жас зерттеушілердің инновациялық жобаларын қолдауға, сондай-ақ экономиканың стратегиялық маңызды салаларына озық технологияларды енгізуге бағытталған. AI-Sana бағдарламасы аясында Yessenov University өңірдің мұнай-газ саласындағы өзекті міндеттерді шешуге арналған қолданбалы әзірлемелерді белсенді түрде дамытып келеді.
Университетте өнеркәсіпке арналған технологиялық шешімдерді әзірлеуге ерекше мән беріледі. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Yessenov University мен «Мұнайтелеком» компаниясының LoRaWAN технологиясы негізінде өнеркәсіптік мониторингтің отандық жүйесін әзірлеу жөніндегі бірлескен жобасы.
Қазіргі уақытта мұнай-газ саласы нысандарын, өнеркәсіптік инфрақұрылым мен экологиялық жүйелерді қашықтан бақылауға арналған LoRaWAN технологиясын қолдайтын отандық бағдарламаланатын логикалық контроллер (PLC) әзірленіп жатыр. Бұл технология энергияны барынша үнемдей отырып, деректерді алыс қашықтыққа жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе өндірістік нысандары бір-бірінен едәуір қашық орналасқан Маңғыстау өңірі үшін аса өзекті.
Әзірленіп жатқан жүйе мұнай ұңғымаларынан, сорғы станцияларынан, технологиялық жабдықтардың датчиктерінен, есепке алу құрылғыларынан және өнеркәсіптік инфрақұрылымның өзге де нысандарынан деректерді жинап, оларды беруге мүмкіндік береді. Жиналған ақпарат SCADA және технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйелеріне (АСУ ТП) біріктіріліп, өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде бақылауды қамтамасыз етеді.
Жобаның негізгі қатысушыларының бірі – Ескендір Қыдырбаев. Ол тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарды жүргізуге, технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару саласындағы шешімдерді әзірлеуге, сондай-ақ құрылғының инженерлік-дизайн тұжырымдамасын жасауға жауапты.
Әзірленіп жатқан жүйе тек өнеркәсіп саласында ғана емес, экологиялық мониторинг міндеттерін шешуде де қолдануға бағытталған. Жобаның маңызды бағыттарының бірі – Каспий теңізінің экологиялық жай-күйін бақылау. LoRaWAN желісіне қосылған датчиктер судың температурасын, тұздылық деңгейін, рН көрсеткішін, лайлылығын және қоршаған ортаның басқа да параметрлерін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл экологиялық деректерді жедел жинау мен талдауды қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта университеттің инженерлік командасы сұлбатехникалық шешімдерді әзірлеуді аяқтап, жабдықтың тәжірибелік үлгілерін дайындап, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар кезеңіне кірісті.
Аталған бастаманы іске асыру өңірдің мұнай-газ кешенін цифрландыруға, жоғары технологиялық өнімдердің отандық өндірісін дамытуға, импортты алмастыруға және Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді.