Павлодарлық шенеунік қарындасына жер телімін заңсыз алып берген. Сыбайлыстыққа жол берген шендінің ісі өңірдің әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Облыстық прокуратураның мәліметінше, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімін туысқан қарындасына рәсімдеген. Бірақ, жер учаскесінің орнын құжатта саяжай - деп көрсетіпті. Осылайша, айласын асырмақ болған шенеуніктің ісі әшкере болды. Жиын барысында шенді жұмыс жүктемесінің көптігінен туысқанына жер телімін бергенін білмей қалғанын айтып ақталды.
ЖАНГЕЛДІ ШАЛҒЫМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз өтініштерді қарау барысында үміткерлердің аты-жөніне қарай бермейміз. Тек жер телімінің сызбасын қарап, жерді беру мүмкін немесе мүмкін еместігін ғана анықтаймыз. Ал саяжайды рәсімдеуге қарындасымның өтініш бергенін байқамай қалыппын. Сол себепті қателік болғанын мойындаймын. Бұл жерде адами фактор болды.
Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы кәсіпкерлік мақсаттағы жерді алуға өтініш білдірген бизнес өкіліне жер телімін бермей қойыпты. Бірақ, келесі күні сол жерді басқа адамға сатып жіберген. Осы әрекеті үшін қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы мен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметіне лайық емес танылды. Енді екі шенді де қызметімен қош айтысуы мүмкін.