$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Венесуэлада El Petro деп аталатын ұлттық криптовалюта ресми саудаға шығарылды

AstanaTV
21.02.2018ж. 20:00
2487
Венесуэлада El Petro деп аталатын ұлттық криптовалюта ресми саудаға шығарылды

Венесуэланың El Petro криптовалютасы рекорд орнатты. Бір тәулік ішінде виртуалды ақшаның саудасы қыза түскен. Айта кетейік, мұнай қорына бай Венесуэла әлемдегі өз криптовалютасы бар алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалады. Ел үкіметі виртуалды ақшаға үлкен үміт артып отыр.

Венесуэла уақытымен түн ортасынан ауса да үкімет мүшелері мен президентте ұйқы жоқ. Өйткені осы сәттерде Каракаста El Petro деп аталатын ұлттық криптовалюта ресми саудаға шығарылды.

Артынша, венесуэла криптовалютасын жұрт таласып тармасып сатып ала бастады. Қазір сандық ақша 735 млн долларға сатылған. Осылайша, Петро өзге криптовалюталарды шаң қаптырып кетті. Шешуші фактордың бірі ретінде El Petro-ның әзірге тұрақты табысты қамтамасыз ететін әлемдегі бірден бір криптовалюта екенін айтуға болады

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

Венесуэла - жаңа технологиялар елі. Біз XXI ғасырдағы ең ірі қадамды жасадық. El Petro-ны 596 млн еуро немесе 735 млн долларға саттық. «Петроны» ауқымды табыс күтіп тұр.

Әзірге 38,4 млн Петро саудаға шығарылды. Тағы 44 млн-ы ICO барысында сатылады деп күтіліп отыр. Бір Петроның бастапқы бағасы - $60. Яғни бір баррелi Венесуэла мұнайының құнына тең. Қазір елдегі ең танымал саитта El Petro-ны қалай алуға болатыны жазылған. Электронды ақшаны тек осы елдің ғана емес шет мемлекеттердің азаматтары да ала алады. Биліктің көздегені де осы. Криптовалюта өзгелердің қаржысын тартуға бағытталуы керек деген ұстанымда.

Рафаэль Антолина, Венесуэла орталық университетінің экономисті: 

«Petro» - үкіметтің араласуымен шығарылған алғашқы және әзірге жалғыз криптовалюта. Венесуэла үкіметі қомақты табыс әкеледі деп үміт артып отыр. Бұл өте маңызды.

Ал, Венесуэла халқы криптовалютаға аса сеніп отырған жоқ. Инфляция қатты шарықтап тұрған кезеңде бізге ешбір El Petro көмектесе алмайды дейді олар.  

Маргарита Кортес, Каракас тұрғыны:

Бұл біздің экономикалық қиындықтарымызды шешеді деп ойламаймын. Өйткені проблеманың тамыры тереңде жатыр. Ол тек мұнай валютасын шығарған соң шешілуі мүмкін.

Криптовалюта нарығының шекарасы кеңейіп келеді. Виртуалды ақша шығарушыларға енді Өзбекстан да қосылуы ғажап емес. Сарапшылар пікірінше, биткоин сату мен сатып алу ісін жолға қою үшін, заңдарға өзгеріс енгізу маңызды. Қазақстандық блокчейн және криптовалюта қауымдастығының басшысы Есет Бутиннің сөзінше, осылай еткенде ғана алаяқтық азаяды. LS порталы Қазақстанда криптовалютамен жасалған операциялардың 10-15% алаяқтармен байланысты деп жазады. Ал Венесуэлаға келсек, бұл елдің тәжірибесін өзгелер мұқият бақылайтын болады.

Базаргүл  ОТЫНШИЕВА