Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ақпанда жауған жаңбыр қызылордалықтарды әбігерге салды

AstanaTV
21.02.2018ж. 20:00
3885
Ақпанда жауған жаңбыр қызылордалықтарды әбігерге салды

Ауа райы қызылордалықтарды біраз әбігерге салды. Аяқ астынан қар аралас жаңбыр жауып, арты көктайғаққа айналды. Осының салдарынан тұрғындар арасында құлап жарақат алғандар көбейген. "Қызылорда-Шиелі", "Қызылорда-Жалағаш" бағыттарындағы тас жолдар да жабылған. Көлік қозғалысы тек бүгін ғана қалпына келді. 

Шарипа Сақтапова, тілші:

Көшелер көк мұзға айналғандықтан, бүгін қала мектептеріндегі бастауыш сыныптар үшін сабақ болған жоқ. Аймақтағы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кеше кешкісін қоғамдық көліктің бірі жолдан тайып, аударылған. Абырой болғанда, адамдар дін аман. 3 жолаушы ғана дәрігерлер көмегіне жүгінген, тиісті тексерулерден соң үйлеріне босатылыпты. 

Облыстық медициналық орталыққа кешелі бері мертіккен 80-ге жуық адам жеткізілген. Мамандар олардың көпшілігі құлап, түрлі дене жарақатын алған деп отыр. 

Айдос Сапаров, Қызылорда облыстық медициналық орталықтың бөлім меңгерушісі:

Азаңғы сегізге дейін облыстық медициналық орталықтын қабылдау бөлімшесіне 79 науқас қаралды. 79 науқастың бесеуі стационарлық ем алды, қалған 74 науқас амбулаторлық тексерілгеннен кейін жіберілді. Жарақат алғандардын ішінде бір кісі иық сүйегі сынған, екі кісі бұғана сүйектері сынған, екі науқастын білек сүйектері сынып түсті.

Ал ауа райын болжаушылар алдағы күндері жауын-шашын болуы ықтимал деп отыр. Яғни көктайғақтың әлі де біраз әуреге салатын түрі бар. Бір аптадан соң келетін көктемнің алғашқы айы наурызда да күн құбылмалы болады деген болжам бар. 

Мағжан Сәдуақасов, «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі:

Февральдын 27-28-дері жауын-шашынды болады облыс бойынша. Ауа-райы жылынады, күндіз плюс 15 - 17 градусқа дейін жылы болады. Наурыз айында ауа-райы құбылмалы болады. Яғни плюстан минусқа өтеді. Бірінші декада салқын болады, екінші декада жылиды. Үшінші декада басы салқын болып, аяғы жылиды қайтадан.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Кешеден бері қаладағы қозғалыс қиындығын реттеуге 180 жұмысшы, елуге жуық арнайы техника тартылған. 336 тонна тұз мұз бетіне себілген. Ал, тасжолдарға құм шашылуды. Мамандар болса, қыстың соңғы күндерінде тұрғындарға барынша қауіпсіздік ережелер сақтауға шақырады. Өйткені өткен тәулікте 17 жол көлік оқиғасы тіркелген.

Шарипа САҚТАПОВА