Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов China Tianying Inc. компаниясының президенті әрі партия комитетінің хатшысы Дэбяо Цаомен кездесті. Жүздесу барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және энергетикалық кәдеге жарату саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«Екі ел көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімге негізделген сындарлы диалогтің арқасында екіжақты ынтымақтастық экономиканың барлық саласында қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтерілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы $48 млрд-қа жетті. Үкімет екі мемлекет басшылары айқындаған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін жұмылдырып жатыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы құны $13,3 млрд-ты құрайтын 77 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 21,6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар жалпы саны 269-дан астам бастама келешегі зор жобалар портфеліне енгізілген.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату белсенді дамып келе жатқан бағыттар қатарына жатады. Қазіргі уақытта Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай зауыттар салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өңірлерде Waste-to-energy тетігі енгізілуде. China Tianying компаниясы бұл салада 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді, өзіндік технологиялық және өндірістік әлеуетке ие. Компания қызметі Сингапур, Мальдив аралдары, Франция сияқты әлемнің 30-дан астам елін қамтиды.
China Tianying Inc. компаниясының басшысы Дэбяо Цао компанияның өндірістік қуаты мен технологиялық шешімдері экология саласындағы озық еуропалық стандарттарға сәйкес келетінін атап өтті.
«Біз екі негізгі бағытта жұмыс істейміз: қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру және жаңа энергетика саласындағы технологияларды дамыту. Қазіргі уақытта компания зауыттарының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қуаты тәулігіне 4 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тәулігіне 7 мың тоннаға дейін артатын болады. Компания техникалық шешімдерді әзірлеу, жабдықтарды өндіруден бастап, құрылыс жұмыстарын жүргізу, нысандарды пайдалануға беру және оларды кейінгі сервистік қызметпен қамтамасыз етуге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады», — деді Дэбяо Цао.
Кездесу барысында Қазақстанда тәулігіне 250-ден 500 тоннаға дейінгі қалдықтарды өңдейтін шағын қуатты зауыттар салу перспективаларына ерекше назар аударылды. Мұндай шешімдер коммуналдық қалдықтардың көлемі ірі кәсіпорындар салуды қажет етпейтін өңірлер үшін аса өзекті.