$469.71 €536.17 ₽6.01
×

Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз -Президент

16.07.2026ж. 14:32
Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз -Президент
фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев AgriTech, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.

– Қазір бүкіл әлем аграрлық салада үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сенім артып отыру жеткіліксіз. Осы салада, ең алдымен, деректерді, жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды. Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі. Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеміз. Әсіресе, дрондарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын кеңінен енгізіп жатырмыз. Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Сонымен қатар біз ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, сондай-ақ қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту. Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады. Бұдан бөлек, біз өнімді сақтаудың озық инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Соның ішінде заманауи логистика орталықтары, автоматтандырылған және тоңазытқышпен жабдықталған қоймалар бар. Жалпы, осы салада түбегейлі әрі ауқымды өзгерістер жасалуда. Бұл іске қытай компанияларын да белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін» деді. Digital by Default қағидаты бойынша салынатын Алатау қаласының даму перспективасы жөнінде әңгімеледі.

– Алатау қаласы Smart City шешімдерінің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, сондай-ақ энергияны үнемдейтін нысандар мен озық телекоммуникация инфрақұрылымының негізгі алаңына айналуы керек. Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орталықтарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс. Осы мақсатта біз цифрлық активтерді, «токендеу», блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыстың басты тірегі бәсекеге қабілетті құқық және салық режимі болатыны сөзсіз. «Алатау» жобасына қатысушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығы экожүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Орталық ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді және онда әлемнің 90-нан астам елінен жиналған 6 мыңға жуық компания қызмет етеді. Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.