Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.
Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түстік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында бас қосудың символдық мәні зор екенін айтты.
Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформацияның басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде қарастырады, сондай-ақ халықаралық инвесторларды тарту үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақтауда.
Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда, осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық логистиканы және перспективті көлік дәліздерін дамытқан жөн деп санайды.
– Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық мақсатымыз. Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Соңғы он бес жылда мемлекет көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Біз жаңа теміржол желілерін тартып, Транскаспий көлік бағыты, яғни, Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттырып жатырмыз. XXI ғасырда көлік дәлізінің бәсекеге қабілетін инфрақұрылымның сапасымен өлшеу жеткіліксіз. Қазір мұндай жобалардың табысты болуы, ең алдымен, деректер алмасу жылдамдығына, цифрлық ықпалдастық деңгейіне және логистиканың ашықтығына байланысты. Сондықтан біз халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатырмыз. Осы саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы. Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе. Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек. Қазақстан мен Қытай халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа жаһандық стандарттарды бірлесіп орнықтыра алады деп санаймын. Қытайдың технология саласында жұмыс істейтін компанияларын, логистика операторларын және инфрақұрылым саласындағы инвесторларын осы ауқымды бастамаға белсене атсалысуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент аса маңызды минералдарды игеру саласын перспективті бағыт ретінде атады. Ол Қазақстан стратегиялық ресурстардың қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енетінін және халықаралық серіктестермен бірлесе қосылған құны жоғары өндірісті дамытуды көздейтінін мәлімдеді.