$472.34 €541.25 ₽6.01
×

Қазақ операсының дүлдүлі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл

AstanaTV
16.07.2026ж. 19:00
Қазақ операсының дүлдүлі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл

Опера дүлдүлі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына биыл 100 жыл.  Ермек Серкебаев - ұлттық операны әлемдік деңгейге көтеріп, артына өшпес мұра қалдырған бірегей тұлға. Жарты ғасырдан астам уақыт сахна төрінде патшалық құрған бұл ерекше дауыс иесін бүгінгі және келешек ұрпақ әрқашан зор құрметпен ұлықтайды.

Бірегей баритон, сахна саңлағы, ұлттық опера өнерінің шоқтығын биіктеткен дара тұлғаның есімі - ерек.  Бірнеше буын ұрпақ әйгілі қазақ операсының жауһарларын Серкебаевтың даусымен танып, жүрегіне ұялатты. Ерен талант иесі Еуропа мен Азия, АҚШ-та да қазақ үнін естіртіп, халық ықыласына бөленді.

ШАХЫМАРДАН ӘБІЛОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ, КЕҢЕСТІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОПЕРАЛЫҚ ЖӘНЕ КАМЕРАЛЫҚ ӘНШІСІ:

Ермек аға біздің ұлттық ұстазымыз әннің, әрине оның алдында Қашаубаев болды, домбырамен айтып ол советтік реализмде болды, көрсетті қазақтың үнін деген секілді. Күләш Байсейітова апамыз болды. Бірақ әлемде осындай рухты қазақтың классикалық әнін, оның деңгейін, оның әдемілігін, оның диапазонын Ермек аға көрсетті. Ендеше көп шетелдің арияларын айтты, операларын айтты. Соны айта тұрып қазақтың әнін классикалық деңгейге шығарды.

Ермек Серкебаев - ұлағатты ұстаз, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында бірнеше жыл шәкірт тәрбиеледі. Италия өнерін алғаш таныстырып, қазақ өнерінің өресін кеңейтКен де дәл осы жан дейді шәкірттері.

АНДРЕЙ ТРЕГУБЕНКО, ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КОНСЕРВАТОРИЯСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

Ермек Серкебаев! Ұлы тұлға ғой! Бәріміз оған қарап бой түзедік. Дәлізде келе жатса студенттердің бәрі қабырғаға қарай ығысып, жол беретін. Сіздерге мынаны айтайын, Ермек Серкебаев біздің өмірімізге, консерваториямызға италиялық вокал мектебінің жолын ашқан адам болды. Мирелла Френидің өзі "біз жоғалтып алған италиялық мектепті, сіздер қалай сақтап қалдыңыздар" деп таңқала сұраған.

Қазақ опера өнерінің шоқ жұлдызы Ермек Серкебаев 88-ге қараған шағында дүние салды. Өмір дәурені өткенмен, өнерінің дәурені мәңгі жас қалпында халқының жүрегінде сақталып қалады.