$469.83 €536.83 ₽5.97
×

9 айлық Айсұлтан Әлімбайдың ата-анасы Қазақстан халқынан көмек сұрайды

9 айлық Айсұлтан Әлімбайдың ата-анасы Қазақстан халқынан көмек сұрайды

9 айлық Айсұлтан Әлімбайдың ата-анасы көмек сұрайды. Дүние есігін аша сала нәрестеге 1-типті жұлын-бұлшықет атрофиясы диагнозы қойылған.  Бұл дертті басқаша Вердниг-Гоуффман ауруы деп те атайды. Аталған  ауру  бала 6 айға толмай жатып шығып, өмірлеріне үлкен қауіп төндіреді. Ал, сәбиді құлан-таза айықтыру үшін 1 млрд теңге қажет.

Шымкенттік Асхат Атамқұлов арнамыздың редакциясына арнайы келіп, көмек сұрады. Сәби сүйіп, жаңа өмірге аяқ басқан жас ата-ананы қаңтар айындағы дәрігерлердің қойған диагнозы төбелерінен жай түсіргендей болды. Сол уақыттан бері жас әкенің бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Елде бар қайырымдылық қорларының табалдырығын тоздырды. Бірақ, көмек таба алмады. Тек Елордада орналасқан бір қор мен блогерлер ғана қолдау көрсетуде. Соның арқасында қазір 22 млн теңге жиналды. Қыруар қаржы болғанымен, емге керек 1 млрд теңгемен салыстырғанда, теңізге тамған тамшыдай.

АСХАТ АТАМҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазіргі таңда «Золгенсма» деген препарат гендік терапия жасайды. Ол баланың өмірінде тек бір рет қана салынып, ауруды тоқтатады. Ол дәрінің құны – 1 млрд теңге. Оны Дубайда салады. Біздің отбасымыз үшін бұл – өте ауыр сома. Ақпан айының 18-і сбор аштық. Одан бөлек, Instagram және тағы басқа әлеуметтік желілерде парақша аштық. Сондықтан, біз Қазақстан халқынан көмек сұраймыз.

Аталған препарат қымбат болғанымен қатар, оны бала екі жасқа толмай тұрып салу керек. Ал, Айсұлтанның ата-анасының тапқан-таянғандары, одан қалды жақындарының көмегі уақытша терапиядан артылмайды. Оның үстіне, кез-келген сәтте ауруханаға бару керек болғандықтан, Әкесі Асхат та, жұбайы да жұмыстарынан шығуға мәжбүр болды.

АИДА АМАНГЕЛДІ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Оның барлығы оңай емес. Аппараттардың барлығын бастапқыда сатып алдық. Оған қаражат жиналған жоқ. Баламыз үшін үлкен сома кетіп жатыр. Бізге кез-келген уақытта жағдайы нашарлап кетуі мүмкін деп айтты. Біз екі рет жан сақтау бөліміне түсіп шықтық. Баланың жағдайын қалыпты деңгейде ұстап тұруы үшін қолдан келген бар жағдайды жасап отырмыз. Бір жан сақтау бөліміне түссе, жағдайы қиын.

Көмек көрсетемін деген жандар Айсұлтанның әкесіне телефон  арқылы хабарласуына болады. Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасы да төменде көрсетілген.