$470.28 €537.53 ₽5.99
×

Алакөлде гидроциклмен қаққан ер адам қаза тауып, катердің астына түскен зейнеткер екі аяғынан айырылды

AstanaTV
20.07.2026ж. 19:00
Алакөлде гидроциклмен қаққан ер адам қаза тауып, катердің астына түскен зейнеткер екі аяғынан айырылды

Алакөлде гидроциклдердің соқтығысуынан бір адам қаза тауып, катердің астына түскен зейнеткер екі аяғынан бірдей айырылды. Көктұма ауылы маңындағы демалыс аймағында артқа қарай қозғалған шағын кеме 69 жастағы әйелдің сол аяғын жұлып әкетіп, оң аяғы қатты зақымданған. Оның өмірін сақтап қалу үшін шұғыл операция жасалып, дәрігерлер екі аяғын да кесуге мәжбүр болды. Келесі күні гидроцикл тізгіндеген жігіт қатты жылдамдықпен жағаға қарай беттеп, екінші гидроциклді соққан. 35 жастағы ер адам сол жерде көз жұмды.

АИДА САЙЛАУБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚАРЫНДАСЫ:

Анау өте үлкен жылдамдықпен ағамның артынан қаққан. Қаққан дегенде, басып өткен. Өзі де құлаған, бірақ ағам гидроциклдің астында қалып қойған. Жүрекке массаж бүкілін жасаған болатын, бірақ та ағам мерт болды. Содан кейін ана балаға да алғашқы көмек көрсеткен кезде ағам одан спирттің иісін сезген.

Қазір зейнеткердің жағдайы ауыр деп бағаланып, тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Ал марқұмның артында жары мен үш ұлы қалды.  Полиция екі оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Полиция қызметкерлері Алакөл көлінде Көктұма және Ақши ауылдары маңында болған оқиғаларға қатысты екі қылмыстық істі тергеп жатыр. Полиция шағын көлемді су көліктері мен гидроцикл иелерін судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға, қозғалыс кезінде қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және су көлігін басқару барысында барынша мұқият болуға шақырады.