$470.28 €537.53 ₽5.99
×

Билетсіз мінген жолаушы пойызда көз жұмды

AstanaTV
20.07.2026ж. 19:00
Билетсіз мінген жолаушы пойызда көз жұмды

Атыраудан Ақтөбеге бағыт алған жолаушылар пойызында қайғылы оқиға болды. Билетсіз мінген ер адам жол үстінде кенеттен көз жұмды. Марқұмның  жасы 44-те, пневмония диагнозымен Ақтөбеге емделуге келе жатқан. Осы оқиғадан кейін 3 теміржол қызметкері жұмыстан шығарылды. Оқиға «Атырау-Ақтөбе» бағытындағы пойызда орын алып отыр. Пойыз бастығының рапортына сәйкес, жолаушы вагонға жол жүру билетінсіз отырған. Оны пойызға жолсерік кіргізгені анықталды. Қандыағаш пен Ақтөбе аралығында ер адамның жағдайы күрт нашарлап, ол оқиға орнында көз жұмды. Теміржол компаниясы вагондағы кондиционер мен өзге де сервистік жүйелер қалыпты режимде жұмыс істегенін мәлімдеді. Оқиғадан кейін Ақтөбе станциясындағы желілік полиция процессуалдық тексеру бастады. Ал компанияның қызметтік тексеруі нәтижесінде екі жолсерік пен пойыз бастығы қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, Ақтөбе учаскесінің басшысы мен өндірістік оқыту жөніндегі нұсқаушыға қатаң сөгіс берілді.

НҰРБЕК  АХМЕТОВ, АҚТӨБЕ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ КӨЛІКТЕГІ ПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Атырау-Ақтөбе жолаушылар пойызында кенеттен жолаушы қайтыс болу фактісі бойынша Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде. Алдын ала диагнозы – екі жақты пневмония. Өзге де ақпараттар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша жария етуге жатпайды.