$470.28 €537.53 ₽5.99
×

БҚО-да ауыл тұрғындары баласын мектепке беруден бас тартып отыр

20.07.2026ж. 19:00
БҚО-да ауыл тұрғындары баласын мектепке беруден бас тартып отыр

Дауыл батысқазақстандықтарды да дүрліктіріп қойды. Желдің қатты екпіні өткен аптада Жаңақала ауданына қарасты Бірлік аулындағы мектептің төбесін зақымдап, спорт залдың шатырын ұшырып әкетті. Қазір залдың төбесінен аспан көрінеді, дейді күйінген тұрғындар. Шұрық-тесік төбеден жаңбыр суы құйылып, қабырға көгеріп кеткен. Ашынған ауылдықтар енді баласын сабаққа жібермейміз дейді. Тәуелсіздікпен құрдас ғимарат жібі түзу жөндеу көрмеген. Осының кесірінен қыста оқушылар сабақты сырт киіммен оқиды екен.

ЗЕРГҮЛ САҒАТОВА, ТҰРҒЫН:

Мектебіміз қазіргі таңда апатты күйде тұр. Ол жерде білім алу тіпті мүмкін емес. Енді ауыл тұрғындары мен аудан әкімдігі бірігіп, білім басқармасынан алдағы оқу жылында балаларымыздың қауіпсіз жерде білім алуын қарастыруды сұрап отыр. Егер бұл шартымыз орындалмаған жағдайда ауыл тұрғындары бірігіп, оқушыларымыззы келер оқу жылында жібермеуге мәжбүрміз деп шешіп отыр.

Білім саласына жауапты мамандар жағдайдан хабардар екенін жеткізді. 230 оқушы оқитын мектеп шатырының 579 шаршы метрі бүлінген, терезелерінің жартысынан астамы жарамсыз. Бірақ биыл ғимаратты күрделі жөндеп, оқушыларды басқа қауіпсіз жерге көшіреміз деп сендірді.

НҰРГҮЛ НҰРЛАНҚЫЗЫ, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі уақытта Жаңақала ауданы әкімдігі аудандық білім бөлімімен бірлесіп, аталған ғимараттарды жаңа оқу жылына дайындау бойынша қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Барлық нысандар санитариялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларына сәйкестендіріліп, оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуына қажетті жағдай жасалады.